ШҰҒЫЛ! Өзгерістер жолдауы Толығырақ

Жағалау футболының жетістіктері

17:33, 4 тамыз 2022

Жағалау футболынан Қазақстан құрамасының павлодарлық спортшылары туған жерге оралды. Футболшылар «Еуролига-2022» тунирінен олжалы келді деуге болады. Сайысты өз топтарында төртінші орынмен аяқтап, келесі жылы «А» дивизионында атой салуға мүмкіндік алды.

Халықаралық турнир Молдаваның Кишинев қаласында өтті.  Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Норвегия, Грузия және Грекиядан келген қарсыластарын ұтып, жақсы өнер көрсетті. Павлодарлықтар өз еліне алтын әкеле алмаса да, «В» дивизионының төртінші үздік командасы болды, сондықтан келесі жылы элиталық «А» тобында өнер көрсетеді.

Болат Әленов, жағалау футболынан Қазақстанның бас бапкері:

Кишиневқа барып өз өнерімізді көрсеттік. Бір жылдан астам уақыт футбол ойнаған жоқпыз. Сонда да жетістікпен оралдық, жігіттер барын салды.

Бұдан бұрын Қазақстандық жағалау футболшылары элиталық топта ойнап көрген жоқ. Қысқы жаттығу залының жоқтығына, әр қилы қиындықтарға қарамастан жерлестеріміз жетістікке жете білді.

Болат Әленов, жағалау футболынан Қазақстанның бас бапкері:

Біз «В» дивизионында 6 жылдан бері ойнап келеміз. Енді міне «А» дивизионына да өттік. Жалпы осы жолғы ойын тамаша өтті. Әлеем чемпиондары Португалия құрамасымен де ойнадық.

Баянбек Муралинов, жағалау футболынан Қазақстан құрамасының ойыншысы:

Міне, төрт жыл бойы осы мақсат жолында тер төгіп, биыл оған қол жеткіздік. Бұл біз үшін үлкен жеңіс. Жігіттердің эмоцияға бөленгендеріне өте қуаныштымыз.  Мақсатымызды орындадық, 3 ойын, 3 жеңіс. Бұл бізге А дивизионына шығуға мүмкіндік берді.

Жағалау футболынан Қазақстан құрамасының барлық ойыншылары павлодарлықтар екенін атап өту керек. Енді жаңа дивизионға өтті. Онда ойын да, тартыс та басқаша өрбиді. Оған төтеп беру үшін тыңғылықты дайындық қажет. Бас бапкер Болат Әленов қысқы спорт залы аса қажет екендігін айтады.

Болат Әленов, жағалау футболынан Қазақстанның бас бапкері:

Бізге зал, құм, ангар, киім ауыстыратын бөлмелер, душ бөлмесі қажет. Қыста мектепте, манежде жаттығамыз. Келесі жылы жағажай футболы мектебін ашқым келеді.

Спортшылар бұл жағдай алдағы уақытта орнына келеді деген үмітте. Дәл бұндай жағдайда жетістіктікке жеткеннен, оны ұстап тұру қиынға соқпақ.

 

Жанасыл Серікбол, Артур Поляков

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
19:09, 10 тамыз 2022
Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Толығырақ...