ШҰҒЫЛ! ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУІ Толығырақ

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

11:24, 11 ақпан 2020

2019 жылы желтоқсан айының соңында Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылындағы тұрғын үйдің өртенгені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде желдей ескен болатын. Сол тілсіз жаудың кесірінен Арманбол Жақсыбай отбасымен бірге далада қалған еді. Араға бір ай уақыт салып, бұл жанұя қуанышқа кенеліп отыр.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші елдің бірлігінің арқасында міне баспаналы болды. Қоныс тойын тойлап, құрбандық шалып жатқан шаңыраққа біз де қыдыра бардық. Міне, мына үйде Арманбол Жақсыбай 2005 жылдан бері отбасымен бірге тұрып келген. Былтырғы жылы орын алған тілсіз жау шаңырағын ортасына түсіріпті. Сараптама қорытындысы бойынша өрт пештің мойынынан шықты деген болжам бар. Абырой болғанда зардап шеккен ешкім жоқ. Сол күні Арманбол өзі жұмыста болыпты.  

Арманбол Жақсыбай, Қызылжар ауылының тұрғыны:

Өрт аяқ астынан болды. Осы екі бала болды ішінде. Әйелім болды. Өрт шығып жатқанда әйелім мал жайлап жатқан. Түтін шығып жатқанда мынау баланы жетектеп есіктің алдына келген. Содан кейін осындай жағдай болды. Аллаға шүкір енді. Халық көмектесіп, фабриканың директорлары көмектесіп, әкімшілік көмектесіп, осындай баспаналы болдық.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қазекем. Үй иесі басына іс түскен кезде қол ұшын созған отандастарыма алғысым шексіз дейді. Әлеуметтік желі арқылы тараған хабарламаға ауыл азаматтарынан бөлек, «Жебе» қоғамдық бірлестігі де үн қатқан. Бұдан бөлек, ауылдағы құс фабрикасының басшылығы, көрші қолаң да қолынан келген көмеген ұсыныпты.

Жеңіс Әбікен, Қызылжар ауылдық округінің әкімі:

Өрт – тілсіз жау ғой! Бірінші естіген кезде өрт сөндіру бекеті барсол азаматтар келіп, одан кейін Ленинский кентінен өрт сөндіру машинасы келгеннен кейін ауыздықтап алдық. Өрт болған жағдайда бюджет тарапынан жекеменшікке бәріміз білеміз ешқандай көмек берілмейді. Сол себепті, халық арасынан жиналып, қол ұшын берейік деген ұсынысты қозғады. Осы үйдің иесі Қызылжар құс фабрикасында жұмыс істейді.

Ал, мына жаңа үйге кіргелі 10 күндей уақыт болыпты. Халықтан жиналған қаражатқа алынған бұл шаңырақтың іші жанға, сырты малға толы болсын деген тілегіміз бар. Арманболдың туыстары да бір ай ішінде жәрдемдескен жомарт жандарға алғысын жаудырды.

Кәмесхан Мұхамғали, Қызылжар ауылының тұрғыны:

Осы халыққа, туыс-туғанға рахмет айтайын дегем. Негізі осы Арманбол Жақсыбайұлының үйі желтоқсанның жиырматөртінде өртеніп кетіп үш баласымен далада қалды. Содан халқымыз, ауылымыз барлығы көмектесіп, әсіресе осы ауылымыздың әкімі Жеңіс бауырымызға, ақсақалдар алқасының төрағасы Марат бауырымызға Мешіттің наиб имамы қажы ағамызға. Осы кісілер арқылы бүткіл ауылдың халқына рахмет айтқым келеді.

Қазіргі таңда отағасы бұрынғыша жұмыста, жары екі баламен үй шаруасына қарайды. Ал, үлкен ұлы 6-шы сыныптың оқушысы. Жаратқанның сынағынан сүрінбеген отбасы бүгін ақ қошқарды құрбан етіп, қоныс тойын тойлады. Қуанышты бөліссең еселенеді, демекші, «шаңырағыңыз шаттыққа толсын» деп тарқастық.

 

Зұлқарнай ЕРМҰРАТҰЛЫ

Тақырып бойынша материалдар

ТҮЗЕУ МЕКЕМЕСІНДЕ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАСЫ КҮШЕЙТІЛДІ
18:50, 3 сәуір 2020
ТҮЗЕУ МЕКЕМЕСІНДЕ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАСЫ КҮШЕЙТІЛДІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

КОРОНОВИРУСТАН ТАҒЫ БІР НАУҚАС КӨЗ ЖҰМДЫ
15:28, 1 сәуір 2020
КОРОНОВИРУСТАН ТАҒЫ БІР НАУҚАС КӨЗ ЖҰМДЫ
Толығырақ...
КОРОНАВИРУСТАН БІР АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ
11:21, 30 наурыз 2020
КОРОНАВИРУСТАН БІР АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ
Толығырақ...