ШҰҒЫЛ! Өзгерістер жолдауы Толығырақ

Жергілікті жұрт қонақ үй салуға қарсы

23:00, 4 мамыр 2022

Баянауылдықтар Жасыбай көлі аумағында шеттен келген инвесторлардың 5 жұлдызды қонақ үй салуына қарсы. Тіпті, онда құрылыс жүргізуге мораторий жариялауды сұрайды. Жергілікті тұрғындар туристердің арта түсетініне қуанғанның орнына не себепті өре түрегелді?

Жасыбай көлінің айналасында 54 демалыс үйі бар. Ең биігі екі қабатты. Еліміздегі алғашқы ұлттық табиғи парк аумағын әбден зерттеген құрылыс саласының білгірлері белгілеп берген норма бұл. Алайда инвесторлар бұл жерде 5 қабатты нысанның құрылысын бастамақ. Таңдап алған жерлері жағалауға тиіп тұр.

Асхат Елемесов, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі:

Үлкен 5 жұлдызды қонақ үй. Бұған түбегейлі халық қарсы. Неге десек, бұрында осы халықпен келіспей жасалған жобалардың аяғы халық пайдасын көріп отырған жоқ. Бірнеше жоба тоқтап тұр.

Ұлттық табиғи паркке биылдың өзінде инвесторлардан 15-ке жуық ұсыныс түскен. Көпшілігі жаңа демалыс үйлерін салуды көздейді.

Айбат Ыдырысов, жергілікті қауымдастық мүшесі:

Мына жерге құрылыс жүргізілетін болса бұл жерде адам демалатын жер қалмайды. Өзегі тарылады ғой бұл жердің де. Біз экологиялық зардаптарға тап боламыз.

Ал, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі басшылығы мәселеге қатысты мынандай пікір білдірді.

Фархат Сыздықов, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары:

Жасыбай Отел Резорт ЖШС-нен ұсыныс, инвест жоба түсті. Үйлестіру кеңесі бұны қарастырып бұл жобаға қарсылығын білдірді. Құрылыс жүретін болса 2 қабат, одан артық салынбау керек.

Дегенмен, жергілікті тұрғындар өкілетті органдардың атына хат әзірлеп жатыр. Басты талап - Жасыбай туристік айлағында құрылыс бастауға мүлдем тыйым салу.

Орал Сартаев, қоғам қайраткері:

13 адам қоғамдық кеңестегі бір ауыздан осы Жасыбай аумағында бүгінгі таңда мораторий жариялауды қолдап отыр. Осыған қосымша жергілікті қауымдастық деген бар, аудандық мәслихаттың депутаттары да осы пікірді қолдап отыр. Ауданымызда ақсақалдар кеңесі бар. Ол кісілерде қарсылық білдіріп отыр.

Себебі, Баянауылда демалуға арналған 4 көл бар. Солардың бірінде кәріз жүйесі жоқ. Маусым кезінде демалыс үйлері 10 мың адамға дейін қабылдайды. Бұлай жалғаса беретін болса бұл көлдерге шомылу былай тұрсын, құс қонбай кетуі мүмкін-дейді тұрғындар.

 

Аяулым Рахымжанова

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар