ШҰҒЫЛ! Өзгерістер жолдауы Толығырақ

Жалдамалы пәтердің жарты бағасы төленеді

12:51, 7 мамыр 2022

Жалдамалы пәтердің жарты бағасын мемлекет төлеп береді. Үкімет осындай жаңа бағдарламаны қолға алып жатыр. Бұл жаңалық дүйім жұрттың құлағына жеткенімен, жұрт әлі күнге дейін қайда барып өтініш қалдыруды білмейді. Жалпы, бағдарламаға ілігудің жолдары қандай? Бүгінде облыс бойынша қанша адамның өтініші қаралып жатыр?

Елімізде 600 мыңға жуық қазақстандық пәтер кезегінде тұр. Оның 210 мыңнан астамы әлеуметтік осал топ өкілдері. Жалдамалы пәтер жағалап жүрген 70 мың қазақстандықтың баспанаға қол жеткізуі жеңілдейді. Өйткені бұл отбасылардың жартылай пәтер ақысын төлеуге мемлекеттен 50 млрд. теңге қарастырылып отыр. Алайда, бұл көмекті алу үшін мұқтаж отбасылар үй кезегінде тұруы қажет.

Арман Нұрғаламов, «Отбасы банк» АҚ бизнес дамыту бөлімінің басшысы:

Павлодар облысы бойынша 1500-ден астам адам кезекте тұр. Олардың 300-ден астамынан өтінімдер қабылданды. Бүгінгі күні 73 адамның өтінімдері мақұлданды. Осы бағдарламаға кезекте тұрған 4 санат бойынша адамдар қатыса алады: бірінші және екінші топтағы мүгедектер, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар қатыса алады.

Шарт бойынша бағдарламаға қатысу үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Бүгінде бұл көрсеткіш 36018 теңгені құрайды.  Мұнда отбасының соңғы 6 айдағы табысы да қаралады. Яғни, отбасыда 2 адам болса, айлық табысы 66036 теңгеден аспауы керек.

Арман Нұрғаламов, «Отбасы банк» АҚ бизнес дамыту бөлімінің басшысы:

Үш адамнан тұратын отбасының жалға алатын пәтері 40 шаршы метрден аспауы керек. Оның құны 79 мың болуы керек. Төрт адамнан алты адамға дейін жанұя болса, олардың жалға алатын пәтері 80 шаршы метрден аспауы тиіс. Құны 118 мың теңгенң құрайды. Алты адамнан көп отбасы жалға алатын пәтері 80 шаршы метрден аспауы тиіс. Құны 158 мың теңгеден аспауы керек. Осы бағдарлама бойынша үкіметтен тек 50 пайыз көмек беріледі.

Баспананы тусқандарынан жалға алуына болмайды. Жалға алушы отбасы өзінің 50 пайыз сомасын шотқа салмай, мемлекет қалған 50 пайызын төлемейді. Қазір бағдарламаға өтініштер қабылданып жатыр. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінген соң, тұрғындарға аталмыш көмек беріледі.

 

Аяулым Рахымжанова

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар