
Тығылып той өткізгендер ұсталды. Павлодар және Екібастұздағы мейрамханалардың бірінде мониторингтік топ нағыз қызған шақта той үстінен түсіп, жиналған 300-ге жуық адамды таратып жіберген.
Демалыс күндері Павлодардағы мейрамханалардың бірінде дүркіретіп «Қыз ұзату» ұйымдастырылған. Тойға 100-ге жуық адам шақырылыпты. Сондай-ақ, Екібастұзда дүбірлі той өткізуге елдегі ахуал да, карантин шектеулері де мүлдем кедергі келтірмейтін сыңайлы. Кеншілер қаласының той иелері 300 адамның басын қосып, той жасаған.
Дәурен Усаханов, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
Мониторингтік топ бұзушылықтарды тіркеп, хаттама толтырылды. Аталмыш деректер шара қолдану үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депаратаментіне жіберілді.
Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлесе де, жұрт той тойлауды доғарар емес. Жыл басынан бері өңірде 910 рейд шаралары жүргізілген. Карантин шектеулерін бұзған 60 дерек тіркелді.
Дәурен Усаханов, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
Бұдан бөлек, қаладағы клубтардың бірінде 50-ден астам адамның қатысумен бильярдтан чемпионат ұйымдастырылған. Сонымен қатар, ішінде 15 адам жиналған түнгі клуб иелері есікті оңайлықпен ашпады.
Естеріңізге сала кетейік, 25 қаңтардан бастап облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді. Демалыс күндері кафе, мейрамхана, барлардың жұмысы тоқтатылған. Тек тамақты жеткізуге және алып кетуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ, ұжымдық, салтанатты, отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шараларға тыйым салынады.
Аяулым Рахымжанова