
Тұтынушылардың құқығын қорғауда өзгерістер енгізілді. Бүгінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті профилактикалық бақылауды субъектіге бармай-ақ жүзеге асырады. Ал, өтінішті 2021 жылғы 1 қаңтарда іске қосылған арнайы электрондық платформада қалдыруға болады.
Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті профилактикалық бақылау барысында тұтынушының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру және кәсіпкерге әкімшілік жүктемені азайтуды басты назарға алады.
Нұрсұлу Әубәкірова, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
Тұтынушы өкілінен сапасыз автомобиль туралы ақпарат келіп түсті. Оның негізінде департамент кәсіпкерге субъектіге бармай-ақ, профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар жіберді. Нәтижесінде кәсіпкер заң бұзушылықтарды жойды.
2020 жылғы 25 Маусымда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында “Кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңына қол қойылды. Құжатқа сәйкес, негізгі жаңалық - бірыңғай ақпараттық жүйені құру.
Нұрсұлу Әубәкірова, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
Тұтынушылардың өтініштерін қабылдау және қарастыру процестерін автоматтандыруға арналған. Бұл жүйе 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Тұтынушылар өтініштерді департаментке е-тұтынушы кз сілтемесі бойынша жібере алады.
Өткен жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 700-ге жуық өтініш келіп түсті. Естеріңізге сала кетейік, ведомствоға 32-18-22 жедел желісі арқылы да хабарласуға болады.
Сания ТЕМЕРХАН, Ринат АБДУЛКАЮМОВ