ШҰҒЫЛ! Өзгерістер жолдауы Толығырақ

Тілі басқа тілегі бір

22:10, 3 мамыр 2022

Қазақстан халқы бірлігі күнін Ертіс өңірінің жұртшылығы кең көлемде атап өтті. Пандемиядағы екі жылғы үзілістен ес жиған халық көңіл көтеріп, мәре-сәре болды. Облыс орталығында мереке бірнеше белгіленген аймақта тойланды.

Бүгінгі алмағайып заманда бірлігі бекем елдің ғана болашағы баянды болатыны анық. Қазақстан халқы бірлігі күні – осынау қастерлі ұғымның қадір-қасиетін айшықтай түсетін айрышқа мереке. Павлодардағы Гагарин саябағына суретшілер, аниматорлар, қолданбалы өнер шеберлері, қолөнершілер орналасты. 

Қалалықтар үшін бұл күні ауқымды мерекелік концерт ұйымдастырылып, Қазақстан эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты. Балалар мен ересектердің қатысуымен сахна алдында қойылым көрсетілді.

Жиналған жұртшылықты аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов құттықтап, татулықты ту еткен елімізде ұлтаралық келісімнің мән-маңызы жоғары екендігін айтты.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:

Мемлекетімізде бір шаңырақтың астында қаншама этностар бір-бірін сыйлап, өмір сүруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай көзқарастың көптігіне қарамастан, біртұтас ұлтымыз бар. Соны сақтай отырып, Павлодар облысының тұрғындары атсалысып келеді. Қымбатты жерлестер, бабамыздың керемет сөзі бар: бірлік бар жерде,тірлік бар. Осы сөздер барлығымыз үшін өте маңызды.

Гагарин саябағына жиналған жұртшылық шат-шадыман көңіл күйде. Олар баршаны аталмыш мерекемен құттықтап, өз тілектерін білдірді.    

Уазифа Смайылова, қала тұрғыны:

Бүкіл қазақ халқын Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық. Әр үйге бақыт тілеймін. Еліміз тыныш, халқымыз бақытты болсын.

Кенже Кеңесбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Бүгін халықаралық бірлескен күн.  Халықтың көңілі де жақсы. Елімізде тыныштық болсын. Бізде көп ұлттың өкілдері тұрады. Қарым-қатынас жақсы. Бір-бірімізбен тату-тәтті жүреміз. Іргеміз сөгілмесін, татулығымыз қашанда шығая берсін.

Ел бірлігін паш еткен мейрамның ауқымы кеңейіп келеді. Биыл өңіріміздегі этнобірлестіктер Достық үйі алдында қала тұрғындары мен қонақтары үшін шағын көрмелер өткізді.

Қазақстан халқы ассамблеясы – іргелі қоғамдық институтқа айналған. Бүгінде ол жас өрендерге өнегелі тәлім-тәрбие беруді де өзінің бір мақсаты етіп алған.

Улугбек Ахметов, ҚХА мүшесі:

Өзбек орталығының 1500-ден аса өкілі бар. Орталықтың ашылғанына 7 жылдай болды. Осы уақытқа дейін барлық шараларға белсенді қатысып келеміз. Ұлтым-өзбек болғанымен, жаным қазақ. Қазақстанда туып өскенмін.

Иа, 130-дан астам ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырған мемлекетіміз бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі. Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында жүз он алты этномәдени бірлестік бар. Олардың жиырма төрті облыстық деңгейде тіркелген, ал, тоқсан алты қоғамдық бірлестіктің қалалық және аудандық дәрежесі бар. Достық үйі алдында өткен шара соңы ән мен биге ұласты.

 

Аяулым Рахымжанова

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар