ШҰҒЫЛ! Өзгерістер жолдауы Толығырақ

Сәт сапар, жас түлек!

21:41, 25 мамыр 2022

Еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау үні естілді. Павлодар қаласында мыңнан астам түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. Оқу ордасының табалдырын тарыдай болып аттаған олар таудай талабымен үлкен өмірге қадам басты. Екібастұз қаласындағы №36 мектеп-лицейінде өткен салтанатты шараға аймақ басшысы қатысып, түлектерге сәт-сапар тіледі.

Биыл мектепті 38 түлек аяқтап отыр, оның ішінде төртеуі «Алтын белгіге», біреуі үздік аттестатқа үміткер. Мектеп оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен түрлі конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:

Соңғы қоңырау - әр адамның өміріндегі ерекше, қуанышты күн. Сіздер жауапкершілігі мол кезеңге аяқ басып отырсыздар. Павлодар облысының білім жүйесі республика деңгейінде ең мықтылардың қатарында. Қымбатты мектеп түлектері, Жаңа Қазақстанның болашағы сіздердің қолдарыңызда. Сіздерге мықты денсаулық, алған білімдеріңізді ел экономикасына, мәдениет пен спорт саласына зор үлес қосасыз деген сенімдемін.

Мектеп түлектері терең білім мен жақсы тәрбие берген ұстаздарына алғыс білдірді.

Айша Тілепбергенова, мектеп түлегі:

11 жыл бойы бізді тәрбиелеп өсірген ұстаздарымыз үщін де алғысым шексіз. Біз оларды жүрегімізде мәңгі сақтаймыз. Олардың берген тәрбиесін ала жүріп, осы болашағымыздың іргетасын қаладық.

Павлодар облысында 112 700 оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды. Олардың 4303-і 11-сыныпты аяқтап отыр. Мектептен түлеп ұшқандардың арасында 233 оқушы «Алтын белгіге», 333 оқушы үздік аттестатқа үміткер.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар