ШҰҒЫЛ! Өзгерістер жолдауы Толығырақ

Көптен күткен қуаныш

23:09, 4 мамыр 2022

Мойылды ауылында биыл «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында екі әлеуметтік нысан бой көтеріп жатыр. Тұрғындардың 15 жыл бойы күткен мәдениет үйі мен спорт кешені. Ғимараттар жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Қазір құрылыс қай кезеңде?

Мына бой көтеріп жатқан су жаңа нысан – мәдениет үйі. Жылдар бойы Мойылды тұрғындарының мәдени шаралары мектеп, санаторий аумағында жүргізілген екен. Енді міне «Ауыл ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы  аясында жоба қолдау тауып, мәдениет нысаны бой көтеруде. 

Абылай Мүшкенов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

Ғимарат 300 орынға шақталған. Орталық залмен қатар үйірмелер, хореографияға арналған бөлмелер де болады. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайды. Аумағы толығымен абаттандырылып, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылады.

Жоба құны 500 млн теңге көлемінде. Мердігер ұйым нысанның құрылысын жылдың соңына дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, аталмыш жұмыстарда қолданылып жатқан құрылыс материалдарының 90 пайызы отандық өнім.

Серік Қисанов, бас инженер:

Құрылыс жұмыстары 1,5 ай бұрын басталды.  15 адам мен техника жұмыс жасап жатыр. Қолданылатын құрылыс материалдарының басым бөлігі отандық өнім. Іргетасы аяқталды, енді кірпіші қаланатын болады.

Ал, бұл Мойылды ауылындағы дене шынықтыру, сауықтыру кешені. Ғимарат спорт және әкімшілік блоктан тұрады. Жобаны жүзеге асыруға  бюджеттен 315 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл ғимарат та «Ауыл ел бесігі» аясында жүзеге асуда.

Абылай Мүшкенов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

Спорт блокі бізде күрес, баскетбол, волейбол залдарынан тұрады. Кешеннің аумағында шағын футбол алаңы, жаттығу алаңы да қойылады. Одан бөлек, аумақ толығымен абаттандырылады.

Мойылды ауылында қазір 1820 адам тұрады. Ауыл әкімінің сөзіне сүйенсек, халық саны көбейіп келеді. Мәдениет үйі, дене шынықтыру сауықтыру кешені де осы тұрғындардың сұранысы бойынша салынып жатыр.

 

Самал Қалиқызы

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар