ШҰҒЫЛ! ЖАППАЙ ВАКЦИНА САЛУ БАСТАЛДЫ Толығырақ

ҚАЙСАР ЖАНДАР

18:36, 25 ақпан 2021

Келесі бейнесюжет тағдыр ауыр жүк артса да еңсесі түспей алға ұмылған қайсар жандар жайлы. Ленин кентіндегі «Қамқор» қоғамдық бірлестігінің дәл осындай өрендері табысқа жету жолында аянбай еңбек етуде. Көркемөнерпаз жас суретшілер мен спорттық-бал билерінің болашақ жұлдызының алғашқы қадамдарын көріп қайтқан тілшіміз жалғастырады.

Ленин кентінде мүмкіндіктері шектеулі 48 бала өмір сүріп жатыр. Олардың бәрі ауылдық мәдениет үйінде орналасқан көмек көрсету  және оңалту орталығына келеді. Ерекше жандардың көңілін көтеріп, қабілетін ашуды мақсат еткен орталықты «Қамқор» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Өмірдің қиындығына мойымай өзін-өзі дамытуға ұмтылып жүрген қайсар өрендер көпшілікке үлгі. Бұл - Алина Петухова. 5 жылдан бері спорттық -балдық бимен айналысып жүрген бойжеткен арбада отырып-ақ сұлу өнерді меңгерген. Республикалық, халықаралық сайыстардың лауреаты. Жуырда қашықтықтан өткен «Россия – великая страна» байқауында 1 орынды иеленсе, халықаралық додада бас жүлдені қанжығасына байлады.  Талантты өнерпаздың  шеберлігін шыңдау үшін қазір қолбайлау болып тұрғаны кәсіби деңгейдегі биге арналған арбасының жоқтығы.  

Алина Петухова, 11-сынып оқушысы:

Бұл мен үшін ауыр арба.  Қазір жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысу керек. Ол үшін кәсіби арба алу қажет. Біз қазір оны сатып алу үшін демеушілер іздеп жатырмыз. Ол арбалар Санкт-Петербург қаласында шығарылады.

Ал Әділхан Қыпшақов Ленин кентіне бір ай бұрын ғана көшіп келді. Қамқорлықтықтар  дарынды жас суретшіні құшақ жая қарсы алып, өз қатарларына қосты. Алдағы уақытта қызықты жобалардың дүниеге келетініне сенімді. Әділхан 10 жасынан бері қылқаламмен дос, сондай-ақ, әншілік қабілеті де бар.   

Әділхан Қыпшақов,  9-сынып оқушысы:

Алғаш рет мен өзімнің суретімді әзілдеп салдым да , одан кейін осы өнерге қызығып кеттім. Шығармашылыққа құмар болдым. Мені шабыттандыратын адам – Ник Вуйчич. Ол еш проблемаларға қарамастан еңсесін түсірмеген қайратты жан. Мүгедек болса да оның әдемі әйелі, бақытты балалары бар. Мен оған таң қаламын және ол сияқты болғым келеді.

Игі істердің бастамашысы болып отырған «Қамқор» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 3 жыл. Құрамындағы 10 адамның бәрі осы ауылда тұратын ойы бір, қамқорлық жасауға құштар жандар. Ұйым жетекшісі Салтанат Закариянқызының айтуынша, орталықтың жұмысы үшін 30 шаршы метрлік бұл бөлме аздық етеді.

Салтанат Сәрсембаева, «ҚАМҚОР» қоғамдық бірлестігінің директоры:

Біздің ең басты проблемамыздың бірі - жеке ғимарат немесе кеңірек ғимараттан орынның жоқтығы. Мұны біздің айтып келе жатқанымызға 3 жыл болды. Егер кеңірек жер болса  біз шағын оңалту орталығын ұйымдастырар едік. Ол жерде балалар ғана емес қарттарға да үйірмелер ашар едік. Ал мына жерге ауылдағы  көмек пен қолдауға мұқтаж, бізге келгісі келетін мүмкіндігі шектеулі жандардың бәрін қабылдауға мүмкіндік жоқ.

Егер ғимарат болса, мүмкіндігі шектеулі балаларға ауадай қажет дене шынықтыру, массаж және психологиялық көмекті тегін көрсетуге дайын мамандар да бар көрінеді. Алдағы уақытта билік мұқтаж  жандардың мұңына құлақ асады деп сенеді қамқорлықтар.  

 

Гүлсара Мәлікова

.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

  МҰҒАЛІМДЕРДІҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАРАЛАДЫ
19:56, 8 сәуір 2021
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАРАЛАДЫ
Толығырақ...