ШҰҒЫЛ! Өзгерістер жолдауы Толығырақ

Автонесие беріле бастады

22:14, 17 мамыр 2022

Елімізде 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беріле бастады. Автосалонға көлік таңдауға барғандар электронды кезекке тұрады. Бұдан кейін екінші деңгейлі банкке барып, несие алады. Дегенмен жұрт автосалонда теміртұлпардың жоғын айтып отыр.

Ұзақ мерзімге арналған жеңілдетілген автонесие бағдарламасы кезекке көліктің VIN-коды арқылы тіркейді. Мұндай жеңілдік бір адамға екі жыл ішінде бір-ақ рет беріледі. Автонесие тек салонда бар көліктерге ғана рәсімделеді. Жұртшылық таңдауға көлік аз десе кейбірі көліктің құны жыл басындағы бағадан біршама көтерілгенін байқаған.

Сембай Букуров, қала тұрғыны:

Өте жақсы. Халыққа болысады ғой енді. Бастапқы жарнасы жоқ. Былтырдан кезекте тұрмыз, білмеймін енді аламыз ба жоқ па. Тек көлік жоқ. Жетпей жатыр.

Егер таңдаған көлік сатылымда болмаса, өндіруші қашан жеткізілетінін айтуы тиіс. Мұндай жағдайда таңдаған көлікті бронға қойып, алдын ала сатып алу келісімшарты рәсімделеді.

Никита Пучек, автосалон директоры:

Өткен тәулікте 15 төлем шоты жасалды. Автокөлік болмаған жағдайда шамамен 2-3 ай күтуге тура келеді. Бұл уақытта таңдаған көліктің бағасы көтерілмейді. Сол бастапқыда көрсетілген сомма сақталады. Біз ай сайын 4 мың көлік шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ.

4 пайыздық автонесие бойынша әр адам өз кезегін басқаға беруге рұқсат жоқ. Бағдарлама шарты бойынша, кезекте көрсетілген көліктің маркасы мен моделін өзгертуге болмайды. Тұтынушы VIN-коды бар төлем шотын алып қойған болса, басқа көлікке де ауыстыра алмайды. Көлікті таңдаудан айнып қалса, басқа көлік алу үшін басынан бастап кезекке тұру керек болады.

Қазір тек бір банк тұрғындардың өтінішін қабылдап жатыр. Ал, бағдарламаға қатысатын өзге үш банк апта соңына дейін жұмысты бастайды. Алдағы уақытта қаржы институттарының саны тағы көбеюі мүмкін.

 

Аяулым Рахымжанова

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар