ШҰҒЫЛ! КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ ЕКІ АПТАҒА ҰЗАРТЫЛДЫ Толығырақ

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ КІМДЕР АЛАДЫ?

18:16, 9 қаңтар 2020

1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын балалары бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы беріле бастайды.

Бүгіннің өзінде қалалық жұмыспен қамту орталығына мыңнан аса адам келген. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың тетіктері жайлы Аяулым Рахымжанова тізбектейді. Қалалық жұмыспен қамту орталығында ұзын сонар кезек, у-шу, аяқ басар жер жоқ. Көп балалы отбасылардың мәселесі сыздауықтай жарылайын деп тұрғаннан кейін, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмекке жаңа ереже  енгізілгені белгілі. Өзгерістер бәріне бірдей емес екені тағы мәлім. Ардақ Жұмабекова төрт баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Балалардың алды 14-те болса, кенжесі екі айлық.

Ардақ Жұмабекова, көп балалы ана:

Жаңа формат туралы естідім. Келіп, құжаттарымды тапсырып жатырмын. Әрине, көмегі бар. Өйткені төрт баланы асырау оңай емес. Сондықтан осы көмекке жүгіндім.

Жаңа ереже бойынша атаулы әлеуметтік көмек үш бағытта қарастырылған. Бала үшін берілетін жәрдемақы сол күйінде қалады. Екінші бір бағыт – аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсетуге және оларды жұмысқа орналастыруға қатысты. Ал үшіншісі – атаулы әлеуметтік жәрдемақы алушылардың барлығына кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оған балалардың тамақтануы, гигиеналық заттары мен білім беру қызметтері енеді.

Аманбек Ұнатұлы, қалалық жұмыспен камту орталығы директоры орынбасары:

Біз жұмысымызды 5 қаңтардан бастадық. 5-6 қаңтар, екі күнде 1000-ға жуық адам келді. Оның ішінде 250 адамның құжатын қабылдадық. Былтырғы жылмен салыстырғанда, әрине адам саны көп. Себебі бұрынғы формат бойынша, алты ай мен бір жылға тағайындалса, енді квартал бойынша. Адамдарға ыңғайлы болу үшін алфавит ретімен қабылдап жатырмыз.

Атаулы әлеуметтік көмек механизмдері жалпы көпбалалы отбасылардың материалдық жағдайын көтеріп, кездейсоқ адамдардың оны алуына жол бермейді. Бүгін жұмыспен қамту орталығына жаңа формат жайлы естіп,  екі баланың анасы Гүлдана Есмағамбетова да келген.  Қалада пәтер жалдап тұратын Гүлдана бала күтімімен үйде отыр. Жолдасы түрлі жұмыстарда нәқа тауып жүр. «Мемлекеттің жәрдемақысы болмағанда күнелтудің өзі қиынға соғар еді», – дейді ана.

Гүлдана Есмағамбетова, қала тұрғыны:

2019 жылдың сәуір айынан бастап осы уақытқа дейін 59000 теңге жәрдемақы алдық. Енді жаңа формат жайлы естіп, құжаттарымызды қайта тапсырға келдім. Біз жалдамалы пәтерде тұрамыз. Біз үшін бұл үлкен көмек. Осы ақша ай сайын пәтерге жұмсалады. Жұбайымның тапқаны басқа да нәрселерден артылмайды.

Қазіргі таңдағы атаулы әлеуметтік көмек берудің негізгі критерийлеріне тоқталатын болсақ, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөрістік деңгейінің 70 пайызынан аз болған жағдайда, отбасының әрбір мүшесіне кедейшілік шегіндегі мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл 18 618 теңгені құрайды. Егер отбасының табысы әрбір мүшесіне шаққанда осы сомадан кем болған жағдайда жәрдемақы тағайындалатын болады.

Раиса Хаханаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

Бұған республикалық бюджеттан жалпы сомасы 1 млрд 57,9 млн теңге бөлінді. Жұмысқа икемі, қабілеті бар отбасы мүшелері міндетті түрде жұмысқа орналастырылады. Биылғы 2020 жылы жәрдемақы алатын 2000 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.  Сондай-ақ, өз бизнесін ашу үшін жеңілдікпен қайтарымсыз гранттар беріледі.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.
4 баласы бар отбасыларға – 42 500
5 баласы бар отбасыларға – 53 125
6 баласы бар отбасыларға – 63 750
7 баласы бар отбасыларға – 73 375 теңге көмек тағайындалады. Биылғы жылы атаулы әлеуметтік көмектен бөлек жәрдемақыны облыс бойынша 5700 көп балалы отбасы алады. Әрбір балаға 10-11 мың теңге беріледі.

 

Аяулым РАХЫМЖАНОВА

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

КАРАНТИНДІ ЖЕҢІЛДЕТУДІҢ КЕШЕНДІ ЖОСПАРЫ
11:17, 12 тамыз 2020
КАРАНТИНДІ ЖЕҢІЛДЕТУДІҢ КЕШЕНДІ ЖОСПАРЫ
Толығырақ...