ШҰҒЫЛ! Өзгерістер жолдауы Толығырақ

Ардагерлерді ардақтайық

22:46, 4 мамыр 2022

Бүгінде Ертіс өңірінде 18 ардагер бар. Оның ішінде 10 адам Павлодар қаласында тұрады. Ең үлкені – 103 жаста, ең кішісі – 94 те. Аймақ басшысы Ертіс және Баянауыл аудандарында, Қалқаман және Шідерті кенттерінде, Екібастұзда тұратын майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтады.

Қалқаман кентінде облыс әкімі жақында ғана 95-жылдығын атап өткен Василий Московченконы құттықтады. Василий Московченко - Финн және Қиыр Шығыс майдандарындағы шайқастардың қатысушысы. 1951 жылы запасқа шыққан соң отыз бес жыл бойы мал шаруашылығы саласында еңбек етті.

Шідерті кентінде тұратын Мария Смирнова балалық шағы мен соғыс жылдарында көрген қиындықтарға қарамастан өмірге деген құштарлығын жоғалтпай келеді. 1942 жылы он тоғыз жасында оқу лагерінен өтіп, 312-ші атқыштар дивизиясының құрамында санитарлық нұсқаушы ретінде майдан даласына аттанады. Ржев қаласының түбіндегі шайқаста ауыр жарақат алып госпитальге түскен Мария Степановна жарасы жазылған соң өз дивизиясына барлаушылар ротасының бөлімше командирі болып оралады. Соғыстан кейін ол Алтай өлкесінің Панкрушиха ауданының Романовский ауылдық кеңесінің хатшысы болып жұмыс істейді. 1964 жылы отбасымен Павлодар облысына қоныс аударып, Майқайын руднигінде автокөліктерге жанар-жағармай құйып, «Ертіс-Қарағанды» каналының құрылысына қатысады. Жұбайы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір Мария Степановна бес немере, тоғыз шөбере сүйіп отыр. Әбілқайыр Сқақов ардагердің өмір жолы бойынша кітап жазуға болатынын екенін атап өтті.

Екібастұз қаласында облыс әкімі майдангер, әрі ұстаз Зейнолла Сүлеевтің үйінде болды. Ардагер 1925 жылғы 10-қаңтарда Ақтоғай ауданының Ақкөл ауылында дүниеге келген. Ол Украин майданында бірінші атқыштар дивизиясының құрамында соғысты. Демобилизациядан кейін туған ауылындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеді. Зейнолла аға жары Рәзиямен бірге үш ұл, алты қызды өмірге әкелді. Қазір ақсақалдың жанынан артық көретін шөберелері де ержетті.

Баянауыл ауылындағы Қайыр Хасенов да Қиыр Шығыстағы артиллерия полкының құрамында шайқасқан. Майдан жолын Украинадағы 312-ші полктің құрамында бастаған Қайыр аға Жеңіс парадынан кейін Маньчжурияны азат етуге қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары майдангер Максим-Горький (қазіргі Тереңкөл) ауданындағы Октябрь мектебінде ұстаздық қызмет етті. 1969 жылы аудандық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бірнеше рет аудандық атқару кеңесінің депутаты болып сайланды. Қария үш ұл мен екі қызды тәрбиелеп өсірген.

Ертіс ауданының Северное ауылында аймақ басшысы Алексей Печелатовтың үйіне барды. Қиыр Шығыстағы шайқастардың қатысушысы соғыстан кейін өңірдегі тың игеру жұмыстарына қатысты. Ол жүк көлігін жүргізіп, баугершілік шаруашылығын басқарды.

 

Аяулым Рахымжанова

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар