ШҰҒЫЛ! КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ ЕКІ АПТАҒА ҰЗАРТЫЛДЫ Толығырақ

ПРЕЗИДЕНТКЕ ӘУЕЖАЙДЫ ҚАЙТА ЖӨНДЕУ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

10:21, 13 мамыр 2020

Жұдырықтай жұмылсақ, пандемияны жеңеміз! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары барысында осылай деді. Президент коронавирусты жедел анықтайтын мобильді орталыққа барды. Кореялық ноу-хаудың ерекшелігі – көліктен шықпай-ақ талдама жасалады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жөндеуден өтетін Әлеуметтік қызметтер үйі мен халықаралық әуежайды аралады. Мегаполистің шырайын келтірген Ботаникалық баққа барды.

Ұшақтан түсе сала Президент алысқа ұзамады. Алматының халықаралық әуежайының қайта жөндеу жоспарымен танысты.  Түркиялық компания бас директорының орынбасары Серкан Каптан көлемі 55 мың шаршы метр болатын жаңа терминал туралы айтты. Жоба құны –  150 миллион евро. Терминал жылына 6 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді. Жоспарға сай нысанның құрылысы 2022 жылдың 2-тоқсанында аяқталмақ. Сонымен қатар Президент Бұқтырма көшесі мен Құлжа трактісінің қиылысында салынатын ұзындығы 784 метрлік көлік жолайырығы құрылысын аралады. Ауқымды жоба Алматы жолдарындағы кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.

 

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ МОБИЛЬДІ ОРТАЛЫҚТЫ АРАЛАДЫ

Мемлекет басшысы Алматыға сапары аясында COVID-19 вирусын анықтайтын кореялық мобильді скринингтік орталыққа барды. Бұл тестілеу жүйесі аз уақыттың ішінде барынша көп адамды тексере алады. Тестілеудің тағы бір тиімді тұсы  –  оның жабық ғимаратта емес, ашық аспан астында, далада өтетіндігінде. Оңтүстік Кореяда озық саналған орталық алғаш рет Алматыда ашылып отыр. 

Хисук Мин,  компания бас директоры, профессор:

Жаяу келген адамдарды қабылдамаймыз. Тек өз көлігімен келу қажет. Ішінде 2 адамнан артық болмағаны дұрыс. Тестің құны - 15500 теңге.

Құны арзан болмағанымен, есесіне уақыт үнемдейсіз. Небәрі 3-4 минут.  Бұл  –   дәстүрлі скринигке кететін уақыттан үш есе кем.

Әсел Қасымова, мобильді скринингтік орталықтың медбикесі:

Бір реттік қолданылатын шпательмен және тестілеуге арналған мынадай таяқшалар бар. Осылар арқылы мынадай түтікшеге салып, лабораторияға жібереміз. Қолымызды жиі залалсыздандырамыз. Санитарлық бөлмеден жиі өтіп тұрамыз. Әрбір пациенттен кейін өтіп тұрамыз.

Рүстем Ахметов, тест тапсырушы:

Мен өзімді тексеру үшін тест тапсырдым. Бұл менің ғана емес, туған-туыс, жақындарымның да қауіпсіздігі үшін керек деп ойлаймын. Жылдам әрі оңай тапсырып  шықтым.

Қасым-Жомарт Тоқаев алматылық дәрігерлермен жүздесіп, осы қиын- қыстау кездегі  қажырлы еңбектері үшін ризашылығын білдірді. Жұдырықтай жұмылсақ, бұл қиындықты да еңсереміз деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Пандемияға қарсы жұмыс  – шын мәніндегі соғыс қой. Бүкіл әлем пандемияға қарсы соғыс жариялады. Француздарда соғыстың аты соғыс деген сөз бар. Бәріміз бірге болып. пандемияны жеңіп кетемз амандық болса.

 

"БІР ТЕРЕЗЕ" ҚАҒИДАТЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН ӘЛЕУМЕТТІК ОРТАЛЫҚ АШЫЛАДЫ

Бүгін сондай-ақ Президент Әлеуметтік қызмет көрсету үйін аралап, қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.  "Бір терезе" қағидатына негізделетін бұл орталықтың  қажеттілігі зор. Алып мегаполис тұрғындары ары-бері сандалмай бүкіл шаруасын бір жерден бітіре алады.Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапары барысында Үкіметке берген жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізу туралы тапсырмасының мәнін түсіндірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Басты міндет әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. Мұндай жүйе бірқатар мемлекетте қолданылады. Айына 250-300 000 тг жалақы алатын азаматтар табыс салығын 7 пайыздық мөлшерлеме бойынша төлеуі тиіс. Яғни қазіргі 10 пайыздық мөлшерлемеден төмен болады. Ал айына 300 000 теңгеден 1,5-2 млн тг табыс табатындар үшін 10 пайыздық мөлшерлеме сақталады. Жылына 25 млн тг-ден көп табыс табатын азаматтар үшін пайыздық мөлшерлеме көлемі артуы қажет. Мөлшерлеме көлемін үкіметтік комиссия анықтайды. Дегенмен жеке табыс салығының пайыздық мөлшерлемесінің жоғары шекті деңгейі 15 пайыздан аспауы керек.

Яғни алып мегаполис тұрғындары ары-бері сандалмайтын болды. Бүкіл шаруасын бір жерден тындырады.  Нысанның құрылысы жыл соңында аяқталады деп жоспарланған.

 

ЖАҢАРҒАН БОТАНИКАЛЫҚ БАҚ – ДЕМАЛЫС МЕКЕНІ

Президент ару Алматының көрнекті орындарының бірі  ботаникалық бақты да аралады. Ескі сәулетін сақтап озық технологиямен қайта қалпына келтіру, флорасын көбейту мақсатында арнайы жоба  әзірленген. Алғашқы жылдың өзінде электронды билет сату жүйесі мен үш кіреберіс павильоны тұрғызылған. Келушілердің қауіпсіздігі үшін 130 бейнебақылау камерасы, 1500 жарық шам орнатылған. Бақтағы 250-ден астам орындық жаңарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Ботаникалық бақ алматылықтар мен қазақстандықтар үшін, әсіресе осында туып-өсіп жастық шағын өткізгендер үшін танымал жер. Алматы тұрғындарын осы аумақты сақтауға, оған өз үйіндей қарауға шақырамын.

Жаңарған бақта 174 000-нан астам өсімдік егілді. Оның ішінде сирек түрі мен сұрпы саналатын 1300-ден астам тал, 130 000-дай астықтұқымдас пен көпжылдық  өсімдік және көздің жауын алар 3000 раушан гүлі бар. Замануи жайлы әрі экологиялық таза мекенге айналатын ботаникалық бақ Алматылықтар үшін үлкен сый болары анық.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

АБАЙДЫҢ 175-ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ІС-ШАРАЛАР
21:14, 5 тамыз 2020
АБАЙДЫҢ 175-ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ІС-ШАРАЛАР
Толығырақ...