
Павлодар қаласының 66 да 79 әскери бөлімінде ерекше салтанатты шара өтті. 24 жыл бойы ішкі әскер құрамында қызмет еткен бұл әскери бөлімнің ұлттық ұлан гвардиясының қатарына енгеніне бір жыл толған. Қазақстан қарулы күштерінің бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ұлттық ұлан сарбаздары өздерінің құрылған күндерін атап өтті. Толығырақ әскери шарада болып қайтқан тілшіміз тарқатады.
«Бізде танк жоқ, ұшақ жоқ. Бізде жауынгер бар». Ұлттық ұлан сарбаздарының сапта тұрып айтар ұраны осындай. Бұл жауынгерлерге жүктелген міндет бөлек. Олар ел ішіндегі қауіпсіздікті күзетеді. Қоғамдық құқық бұзушылықты болдырмайды. Аталмыш әскери құрылым осыдан он жыл бұрын тікелей Елбасы Жарлығымен құрылған болатын. Ал былтырғы жылдың оныншы қаңтарында Ұлттық Ұлан сапына Павлодардағы 66 да 79 әскери бөлімі де қосылды.
Бүгінде ұлттық ұлан сапында мыңдаған жауынгер Отан алдындағы борышын өтеуде. Салтанатты шара барысында олардың әрқайсысы мадақталып, марапаттарға ие болды. Осындай игі істер алдағы уақытта жауынгерлерге жаңа серпін, күш береді дейді сарбаздар. Ақтөбе облысынан келіп әскери қызметін өтеп жатқан Жандос Паковқа да бұл мерейлі сәт зор қуаныш сыйлады.
66 да 79 әскери бөлімінің ұлттық ұлан гвардиясының енуіне орай өткізілген шара барысы Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармония өнерпаздарының концертімен жалғасты.
Жанасыл СЕРІКБОЛ