
«Мерейтойға өз елімізден және шетелден қонақтар шақырылуда. «Қазақстан» РТРК» АҚ-мен және Қазақ радиосымен әріптестік ынтымақтастық орнатқан шетелдік БАҚ-тың 20 шақты өкілі мен басшылары, отандық жетекші ақпарат құралдарының бас редакторлары, Қазақстандағы шетел дипломатиялық өкілдіктерінің 30 елшісі және мемлекеттік атқарушы билік өкілдері мен Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, радиоардагерлері қатысады» - деді Радиохабар тарату дирекциясының бас директоры Махат Садық.
Сондай-ақ, Қазақ радиосының 95 жылдығына орай мерейтойлық дискі-альбомы шығарылатынын атап өтті.
«2016 жылы 28 қыркүйекте Қазақ радиосының 95 жылдығын атап өту аясында Халықаралық ІV «Ұлы дала дауысы» халықаралық радиофестивалінің гала-концерті өткізіледі.
Бұған дейін Қазақ радиосында жыл сайын «Ұлы дала дауысы» Халықаралық радиофестивалі ұйымдастырылып келді. Мәселен, 2014 жылы Қазақстан, Түркия, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Латвия, Белоруссия, Украина елдерінен талантты өнерпаздар қатысып, олардың 20-сы лауреат атанды.
2012 жылы daladauysy.kaztrk.kz сайты арқылы үміткерлерге дауыс бергендер саны 2000 адам болса, 2014 жылы әлемнің 54 елінен 1 млн адам дауыс берді.
Биылғы «Ұлы дала дауысы» халықаралық радиофестивалінің гала-концертіне 18 орындаушы қатысады, оның 5-еуі шетелден келеді» - деді Қазақ радиосының директоры.