ШҰҒЫЛ! ЖАППАЙ ВАКЦИНА САЛУ БАСТАЛДЫ Толығырақ

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ҚАТЫСТЫ ҰСЫНЫСТАР ЖАСАЛДЫ

18:02, 20 қаңтар 2021

Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақовтың ұсынысы бойынша құрылған қоғамдық комиссия бір апта бойы жылыту маусымының өзекті мәселелерін зерттеді. Комиссия мүшелері аяз кезінде жылумен нашар қамтамасыз етілуіне шағымданған үйлерге барды. Облыстық әкімдікте өткен жиында жылуэнергетиктердің жұмысындағы мәселелерді шешу жолдары талқыланды.

Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслямның айтуынша, 88 проблемалық көп қабатты үйде жылумен жабдықтау қалпына келтірілді. Тағы төрт мекенжай бойынша: бұл Донецкая көшесі, 4, Ак. Марғұлан көшесі, 345/1, Бакинская көшесі, 8 және Ломов көшесі, 143 жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ержан Иманслям, Павлодар қаласының әкімі:

Комиссия жылудың қалыпты нормадан төмендеуінің негізгі себебі – жылу тораптарындағы шүмектерді алып тастағаннан кейін, қатты аяз кезеңінде жылу дұрыс таратылмауы деген қорытындыға келді. Бүгінде жылу берушілер осы мәселемен шұғыл түрде айналысып жатыр.

Тәуелсіз комиссия мүшесі Олег Круктың сөзінше, көп жағдайда мамандардың осындай жылу пункттеріне кіруге рұқсаты жоқ. Сондықтан ол жағдайды жедел шешетін ұйымды белгілеу туралы ұсыныс жасады. Тағы бір мәселе - жылу желілерінің орташа қызмет ету мерзімі - 25 жыл.

Олег Крук, қоғамдық комиссия мүшесі:

Қызмет ету мерзімінің нормативі бойынша Павлодарда жыл сайын 12-15 километрге дейін жылу желілері жөнделуі тиіс. Алайда, іс жүзінде жылына 7-9 километр желі жөнделіп келген. Тіпті 2020 жылы желінің 3,5 километрі ғана жөнделсе керек. Өткен жылы пандемия кедергі болғаны түсінікті, бірақ желілерді ауыстыру мәселесі әлі де бар. Тағы бір мәселе – қараусыз қалған және жеке желілер. Біз бұл желілерді тексеріп, төлқұжаттау керек, содан кейін оны мамандандырылған ұйымның басқаруына тапсыру керек деп санаймыз.

Қоғамдық комиссия мүшелері назар аударған тағы бір жүйелі мәселе – Павлодардың оңтүстік бөлігін салу. Жаңа тұтынушылардың пайда болуына байланысты тек бір ауданның өзінде – Усолка және саяжай шағын аудандарындағы жылумен жабдықтауда мезгілімен үзілістер болып тұрады. Жағдайды бірнеше жолмен шешуге болады: оңтүстік желілік аудандағы жылу желілерін қайта құру, осы учаскеде қазандық салу немесе қайта құру арқылы ЖЭО-1 қуатын арттыру. Сарапшылардың пікірінше, ең оңтайлысын таңдап алу үшін осы нұсқалардың әрқайсысын мұқият зерделеу керек. Жылу берушілер қаланың оңтүстік бөлігі мәселесін 2021 жылы шешуге болатынына сенімді.

Олег Перфилов, «Павлодарэнерго» АҚ басшысы:

Біз «Достық» шағын ауданын Усолка шағын ауданымен байланыстырып тұрған №6 сорғы станциясы мен №42 жылу магистралінің құрылысына байқау өтіп кеткенін білеміз. Аталмыш жылу магистралі құрылысының нормативтік мерзімі – 8 ай. Бұл жұмысты міндетті түрде осы жылы орындау керек деп есептейміз. Сорғы және жылу магистралі сәтті салынған жағдайда біз Усолка және Дачный шағын аудандарын жылумен жабдықтау проблемасын толық шешеміз.

Әбілқайыр Сқақов қала басшылығына жобаны қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар, өңір басшысы ағымдағы жылыту маусымында жылумен жабдықтауда іркілістер болмауы тиіс екенін еске салды.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:

Жылу беру маусымын сәтті аяқтау қажет. Қайтадан тұрғындардың жылусыз қалуына жол бермеу керек, ол үшін барлық қажетті ресурстарды көтеріңіздер. Сіздер барлық проблемалық аймақтарды білесіздер.

Аймақ басшысы қоғамдық комиссия мүшелеріне қаланы жылумен қамтуды тұрақтандыру жөніндегі жұмыс пен ұсыныстар енгізгені үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, Әбілқайыр Сқақов сарапшылар жасаған ұсыныстар негізінде қолға алынатын шаралар жоспарын жасап, жылыту маусымы аяқталғаннан кейін оны іске асыруға кірісуді тапсырды. 

 

Аяулым РАХЫМЖАНОВА

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

  МҰҒАЛІМДЕРДІҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАРАЛАДЫ
19:56, 8 сәуір 2021
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАРАЛАДЫ
Толығырақ...