ШҰҒЫЛ! ЖАППАЙ ВАКЦИНА САЛУ БАСТАЛДЫ Толығырақ

ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫ ЕСЕБІ

20:40, 10 ақпан 2021

Бүгін онлайн форматта Павлодар қаласының әкімі Ержан Имансләм қорытынды есеп беру кездесуін өткізді. Ертіс телеарнасының тікелей эфирінде өткен жиында 2020 жылы атқарылған жұмыстарға сараптама жасалып, келер жылғы жоспарлар ортаға салынды. Жалпы, қорытынды есеп беру кездесуіне кімдер қатысты? Тұрғындар тарапынан қанша сұрақ келіп түсті?

Бұл – шаһар басшысының 18-ші, әрі қорытынды есеп беру кездесуі. Инстаграмм, фейсбук әлеуметтік желілерімен бірге, зум платформасында, сонымен қатар, Ертіс телеарнасының тікелей эфирінен бірнеше мыңдаған адам қатысты. Бұл тізімде облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов та бар. Екі сағатқа созылған жиында тым терең тақырыптар талқыланып, тұрғындардың талап-тілегі мен сұрақ сауалдары сарапқа салынды. Ресми мәліметке ойыссақ. Әдеттегідей, әкімнің баяндамасынан кейін қарша бораған сауалдар қойылды. Басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты. Жанна Молдакәрімованың саяжай ықшам ауданында бау-бақшасы бар. Бірақ, алдағы уақытта отбасын көкөніспен қамтамасыз етіп отырған аумақ ысырылады дегенге алаңдаулы. Осы сұрақтың жай-жапсарын білу үшін эфирге қосылыпты.

Жанна Молдакәрімова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Біздің саяжайымызды ысырып орынына көп қабатты тұрғын үй салады деген қауесет бар. Бұл қашан жүзеге асырылады? Қанша компенсация төленеді?

Ержан Имансләм, Павлодар қаласының әкімі:

Сұрағыңызға рахмет. Иә, алдағы уақытта Достық мөлтек ауданының аумағын кеңейту жоспарымызда бар. Сиреньовая көшесінен бастап Ұлы Жібек жолы көшесіне дейін ысырылатын болады. Саяжай аумағы нарықтық бағамен бағаланып, коменсация төленеді. Ол жағы қосымша хабарланады.

Тағы да көп қойылған сауалдар қатарында демалыс күндері ензілген локдаун. Қала тұрғындарының тек сенбі, жексенбі күндері ғана өз жеке жұмыстарымен жүруге уақыты бар. Сондықтан тұрғында шаһар басшысынан осы мәселені қайта қарауды ұсынды.

Ержан Имансләм, Павлодар қаласының әкімі:

Негізі адамдар бір-бірімен тығыз байланыс орнатқан кезде вирустың таралу қаупі артады. Сондықтан қоғамдық көліктерді бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес демалыс күндері желіге шығармаймыз. Егер, біздің өңір қызыл аймақтан шығатын болса, мәселені қайта қарастыратын боламыз.

Ал, аулаларды абаттандыру, қар тазалау жұмыстары, баспана алу мәселесі қоғамдағы өзектілігін ешқашан жоғалтпайтын тақырыптар. Қала әкімдігінің инстаграмм парақшасына екі-үш күннің ішінде осыған қатысты 130-дан астам сауал келіп түскен. Әсіресе, екінші Павлодар тұрғындарының назы басым. Оларды жылу желілеріне қатысты мәселе мазалайды.

Ержан Имансләм, Павлодар қаласының әкімі:

Бізде екінші Павлодар аумағына жылу делілері мен кәріз жүйелерін салудың үшінші кезеңін жүзеге асыру жоспары бар. Жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. Сондықтан асфальт салу кейінге шегеріледі. Барынша шыдамдылық танытуларыңызды сұраймын. Жылу желілері толық аяталған соң тас жабынды төсейміз.

Бұдан бөлек, Торайғыров көшесіндегі 103, 101 және 99-шы тұрғын үйлердің ауласына тағы бір дүкен салынып жатса керек. Тұрғындар тығыз орналасқан аулаға жаңа дүкеннің керегі жоқ деп есептейді.

Қарлығаш Бітебаева, Торайғыров көшесі №103 үйдің тұрғыны:

Төрт үй қарап тұр аулаға. Сол 4 үйдің ауласының ішіне газгольдердің орынына магазин салайын деп жатыр. мен сол дүкендерге қарсымын. Біздің аулада 7 дүкен бар. Сол қосымша дүкеннің керегі не?

Ержан Имансләм, Павлодар қаласының әкімі:

Қарлығаш, Сұрағыңызға рахмет. Орынды сұрақ. Торайғыров 103, 101 ауласында дүкенді кім салайын деп отырғанын белгілеп, иесімен сөйлесеміз. Өйткені сіз айтып отырсыз ғой, былтырдан бері соны тоқтатып жатырмыз. Аулада дүкендер салу сондай тоқтатып жатырмыз.

Айта кету керек, шаһар басшысының есеп беру кездесуі елдегі ахуалға байланысты алғаш рет онлай форматта ұйымдастырылып отыр. Жиыннан соң Ержан Имансләмұлының бүгінгі ерекше форматтан алған әсерін сұрап көрдік.

Ержан Имансләм, Павлодар қаласының әкімі:

Менің ойымша сондай жақсы тәжірибе алып отырмыз. Енді ойлап отырмын, тоқсан сайын сондай халықпен кездесу, онлайн форматта нетуге болады.

Жалпы қорыта айтқанда бүгінгі онлайн форматтағы шараны инстаграм желісі арқылы 4800-ден астам адам тамашалған. Сонымен қатар 300-ден астам сұрақ қойылды. Бұған дейін қала әкімі 17 рет халықпен кездескен. Оның 10-ы облыс орталығында, қалған 7-і қала маңындағы ауыл тұрғындарымен өтті. 

 

Зұлқарнай Ермұратұлы

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

  МҰҒАЛІМДЕРДІҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАРАЛАДЫ
19:56, 8 сәуір 2021
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАРАЛАДЫ
Толығырақ...