ШҰҒЫЛ! ЖАППАЙ ВАКЦИНА САЛУ БАСТАЛДЫ Толығырақ

АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

17:58, 17 ақпан 2021

Аймақ басшысы қоғамдық кеңес алдында есеп берді. Әбілқайыр Сқақов 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму туралы айтып, қоғамдық кеңес мүшелерінің тілектері мен ұсыныстарын тыңдады.

Әбілқайыр Сқақов 2020  жыл Павлодар облысында азаматтық қоғамның рөлін нығайту белгісімен өткенін атап өтті. Ол қоғам белсенділері мен еріктілердің коронавирус инфекциясымен күреске, жылыту маусымының проблемаларын шешуге және басқа да жұмыстарға қалай қатысқанын еске салып өтті.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:

Мен үшін қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу маңызды оқиға. Былтыр да мен сіздермен кездесіп, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамудың аса маңызды бағыттарын бірлесіп айқындадық. Сол себепті бүгінгі кездесуде қарастырылатын сұрақтар, сіздердің ұсыныстарыңыз облыстың одан әрі дамуына тың серпін береді деп сенемін.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айта келе, Әбілқайыр Сқақов экономиканың нақты секторының базалық салалары тұрақты және оң серпінді көрсеткенін атап өтті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 триллион теңгеден асты, ал ірі кәсіпорындарда қызметкерлер құрамының қысқаруына жол берілген жоқ. Құрылыс индустриясы мен машина жасау көлемі 1,3 есеге артты. Тұрғын үй құрылысында 12% - ға өсім тіркелген. 2280 пәтерлі 35 тұрғын үй салынды.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:

Олардың үштен бірін кезекте тұрғандар алды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда бес есе көп. Тұрғын үй мәселесі - облыс тұрғындарының өтініштері арасындағы ең өзектісі. Сондықтан тұрғын үй кезегін қысқарту жөніндегі жұмыс біздің басымдығымыз болып қала береді. Біз мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру серпінін сақтап қалуға және мүмкіндігінше ұлғайтуға тырысамыз.

Сондай-ақ, өңір басшысы пандемия кезінде ерекше зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы айтты. 12 мыңға жуық кәсіпкер салық жеңілдіктерін алды, 674 кәсіпкер несие төлеуді тоқтатты, мемлекеттік бағдарламалар бойынша бизнесті кредиттеу көлемі 1,5 есе өсті, облыс бойынша шағын индустриялық аймақтар іске қосылды. Онда кәсіпкерлер жалдау ақысын төлемей жұмыс істейді. Сондай-ақ банкпен бірлесіп «Zhas-Halyk. Ertis» жас кәсіпкерлерге кепілсіз несие беру желісі ашылды. Әбілқайыр Сқақовтың есебін назарға ала отырып, қоғамдық кеңес мүшелері онымен өз проблемалары мен ұсыныстарымен бөлісті. Мәселен, кеңестің экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі комиссиясының басшысы Владимир Берковский елді мекендерді ауқымды көгалдандыру жөніндегі бастаманы қолдады. Ол ағаштарды тек ауылдар мен қалалардың ішінде ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарының аумағында да отырғызуды сұрады.

Владимир Берковский, қоғамдық кеңестің экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі комиссиясының басшысы:

Кейбір кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарының алаңдары жеке өндірістердің санитарлық аймақтарының шекарасын ашу және тұрғын үй салу салдарынан азайды. Экология мәселелерімен айналысатын қоғамдық ұйымдар біріккен санитарлық-қорғау аймағын, қалалардың өзіндік жасыл белдеуін құруды ұсынып отыр. Әрбір кәсіпорын шығарылатын зиянды заттардың мөлшеріне байланысты осы жасыл белдеуді құруға өз үлесін қосуы керек. Қазір санитарлық қорғау аймақтары небары 6%-ға көгалдандырылған және стандарттарға сәйкес олардың аумағында жүздеген мың ағаштар мен бұталар отырғызылуы керек. Біз бұл маңызды жұмысты кәсіпорындар үш жыл ішінде орындауы керек деп санаймыз.

Қоғамдық кеңестің әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Гүлбарам Наурызбаева Павлодар облысындағы 7 шағын жинақты мектептің бейімделген немесе ескі саман ғимараттарда орналасқанын еске салды.

Гүлбарам Наурызбаева, қоғамдық кеңестің әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы:

Тағы 10 мектепте қазандықтар балалар мен оқу орындары қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіретін үй-жайлардың ішінде орналасқан. Үш жыл бұрын өңірде осындай 44 мектеп болған. Айта кету керек, ауқымды жұмыстар жасалды, бірақ бұл бағытта алға жылжу керек.

Облыс әкімі кеңес мүшелерінің барлық ескертулері мен ұсыныстары ескеріліп, өңір тұрғындарын толғандыратын мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдар міндетті түрде жұртшылықпен жұмыс істейтін болады деп сендірді.

 

Гаухар Мұса

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

  МҰҒАЛІМДЕРДІҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАРАЛАДЫ
19:56, 8 сәуір 2021
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАРАЛАДЫ
Толығырақ...