ШҰҒЫЛ! Өзгерістер жолдауы Толығырақ

Онкологтар тоқ ішекке ота жасады

21:54, 3 маусым 2022

Павлодарда онколог дәрігерлер сирек кездесетін ісікті алатын ота жасады. Қатерлі ісік басқа мүшелерге ұласып кеткендіктен жедел операция жасау қажет болған. Ота сәтті болып, енді пациент химиялық терапиядан өтеді.

57 жастағы азаматты қуық ақауы бір жыл бойы мазалаған. Қаңтар айында тексеруден кейін емделуге жіберілген. Ісікті анықтауға эндоскопия да, компьютерлік томография да, УДЗ да көмектеспеген. Ісік жанындағы мүшелерге ұласып кеткендіктен, оны анықтау қиынға соққан.

Ульфат Борамбаев, онкологиялық диспансердің меңгерушісі:

Ісік қуыққа жақындап, тиісті колоноскопиялық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік бермеді. Ота жасауды ұсындық. Операция кезінде қуық пен тоқ ішектің арасында қуыс пайда болғаны байқалды. Аумақты тазартып, тоқ ішектерді байланыстырдық. Ота 2,5 сағатқа жалғасты. Нәтижесі жақсы болды, 9 күнде науқас үйіне шығарылды.

Науқаста қатерлі ісіктің 3 кезеңі болған. Диагнозы тоқ ішектің қатерлі ісігі. Жалпы облыста обырдың бұл түрі үшінші орында. Онкологтар жыл басынан тоқ ішекке 80 ота жасаған.

Ульфат Борамбаев, онкологиялық диспансердің меңгерушісі:

Енді пациент химиятерапия курсынан өтеді. Біз оны әрі қарай да рецидиф, метостазаға тексеретін боламыз.

Дәрігерлердің айтуынша, қатерлі ісікке шалдыққан павлодарлықтардың 30 пайызы аурудың кеш сатысында дәрігерлерге жүгінеді. Сондықтан скринингтер, кәсіби тексерулер және жоспарлы тексерулер өте маңызды.
Облыстың 12500-ден астам тұрғыны онкологиялық диспансерде есепте тұр.  Жылына 250 пациент осы тоқ ішектің қатерлі ісігімен тіркеледі екен.

 

Самал Қалиқызы

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар