
Өңірде 1000-нан астам мүгедек тиесілі әлеуметтік қызметтерді алмаған. Бұны облыстық прокуратура тексеріс барысында анықтады. Сондай-ақ, жарымжан жандардың күтіміне бөлінген 13 млн теңге талан-таражға түскен.
Павлодар облысының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың қызметінде мүгедек адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тұрғысынан тексерулер жүргізді. Медициналық-әлеуметтік мекемелерде жарымжан жандарға қамқоршылар қатыгездік танытқан. Бұдан бөлек, онда жарамдылық мерзімі өткен өнімдер мен дәрі-дәрмектерді пайдалану фактілері анықталды.
Асхат Қоқымбаев, облыстық прокуратураның қоғам мүдделерін қорғау басқармасының бастығы:
Бүгінде бес қылымыстық іс қозғалды. Үш ымдау тілі мұғалімі алаяқтық жасаған. Ал, екі қызметкер мүгедектерге арналған әлеуметтік нысан барлық талаптарға сай келеді деп құжаттарға қол қойған. Қазіргі таңда өз кәнісін мойындап, бюджетке қаражатты қайтарғаны үшін екі іс тоқтатылды.
Сонымен қатар, 1700 мүгедекке соммасы 5,5 млн теңгеге заңсыз салық салынған. Өңірде 600 әлеуметтік нысан мүгедек жандарға қолайсыздық тудырып отыр.
Асхат Қоқымбаев, облыстық прокуратураның қоғам мүдделерін қорғау басқармасының бастығы:
Тексеріс нәтижесінде облыстық прокуратура анықталған бұзушылықтарды жою туралы 45 қадағалау актісін енгізді. Бес қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде 700 мүмкіндігі шектеулі жанның құқығы қорғалды.
Аяулым Рахымжанова