
«Аманат» партиясының өкілдері өңірдегі ең ірі кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті. Мақсат - алдағы референдумның маңызын түсіндіру. Еліміз Тәуелсіздік тарихындағы тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұр.
Бұл шара барша халық қатыса отырып жаңа Қазақстанды құрудың негізі деп атап өтті партиялықтар. Ол үшін республиканың басты құжаты, Конституцияға өзгерістер енгізу керек. Жиын барысында қай баптың қалай өзгеретіні жөнінде, оның халыққа қалай әсер ететіндігі жайлы да кеңінен айтылды. Жаңа ел құру үшін жаңа заңдар қажет. Әлібетте ол заңдар өркениет қағидаларын негізге ала отырып, ең алдымен адам құқығын қорғауы қажет.
Раушан Даумова, облыстық мәслихаттың депутаты:
Жаңа Конституцияны қабылдау үшін еліміздегі әр азаматтың даусы маңызды. Бүгін біз кәсіпорын жұмысшылармен кездесу барысында алдағы тарихи кезеңнің маңызы жайлы егжей-тегжейлі ой өрбіттік. Сондықтан, баршаңызды жарқын болашағымыз үшін 5-маусым күні өтетін референдумда дауыс беруге шақырамын.
Нұржан Сейтен, кәсіпорын қызметкері:
Қазіргі уақытта кәсіпорын жастары референдум кезінде өзгеріске енетін Конституцияның баптарымен танысып жатырмыз. Біз референдумды қолдаймыз. 5-маусым күні өзіміздің сайлау учаскемізге келіп, жаңа Қазақстанды бірге қарсы аламыз.