ШҰҒЫЛ! КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ ЕКІ АПТАҒА ҰЗАРТЫЛДЫ Толығырақ

БАСТЫ НАЗАРДА ОНЛАЙН ОҚЫТУ

11:11, 1 маусым 2020

Бұрын, онлайн оқыту дегенде көз алдымызға қашықтықтан білім беретін жоғары оқу орындары елестейтін. Білім саласын сарқып ішіп жүргендер онлайн оқытудың шет жағасын білген болар. Әйтсесе, қарапайым халыққа бұл көп жағдайда таңсық еді. Биыл әлемді әуреге салған пандемия онлайн оқытудың қыр-сырын меңгеруге мәжбүр етті. Онлайн, яғни қашықтықтан оқытуға қаншалықты дайын болдық?

«Жас дарын» мектебінің оныншы сыныбын тәмамдаған Ақын Балжанға, биыл алғаш рет ойнлайн оқыту жүйесімен жүзбе жүз келуге тура келді. Жоғары сынып оқушысы үшін білім алудың бұндай түрі аса таңсық емес. Өйткені, Балжан бұған дейін түрлі сайыстарға қатысып, жеңімпаз болған. Сол кездерде онлайн оқудың не екенінен азды көпті құлағдар болағн озат оқушы. Әйтсе де, қашықтықтан оқыту дәстүрлі сабаққа жетпейді, дейді.

Балжан Ақын, «Жас Дарын» дарынды балаларға арналған мектеп лицейінің оқушысы:

Мектепте оқығанда мұғалім өз білгенін барынша үйретуге тырысады. Өзінің бар білгенін біздің бойымызға сіңіруге тырысады, барлық тәжірибесімен бөлісуге тырысады. Ал, онлайн оқып отырған кезде, бізге сабақ барысы кейде ыңғайсыздық тудырады. Мысалы, біз материалды толығына дейін түсінбейміз. Немесе материалды толығымен қалай орындауды түсінбейтін балалар да болады.

Қашықтықтан оқытуға алғашқы бетте оқушылардың алақайлап қуанғаны рас. Себебі, үйде отырып виртуальді оқығанға не жетсін. Алдыңда көз сүзіп тұратын ұстаз жоқ, балалар мектеп формасын киіп әуре болмайды. Дегенмен,  уақыт өте келе оқушылар мектеп партасы мен сыныпты сағынғандары жасырын емес. Оны әлеуметтік желіге жариялап, жар салғандар да болды.  Балжанның кішкентай сіңілісі Еркежан да мектепті сағынып жүрген оқушының бірі.

Еркежан Ақын, №22 Б. Момышұлы атындағы мектептің оқушысы:

Иә, мен мектепті өте сағындым. Мектепте менің достарым бар, сүйікті мұғалімдерім. Мен 4-сыныпты мектепте оқығым келеді. Өйткені, ол жерде ыңғайлырақ әрі менің достарым бар. Олар мені жақсы көреді және олар маған қиын сәттерде көмектесіп отырады.

Қашықтықтан оқу бұл  көбінесе бұған дейін сырттай оқу формасымен байланысты болды.  Төтенше жағдайға байланысты онлайн сабақ өткізу керек болғанда алғашқы бетте көптеген ұстаздардың абдырап қалғаны анық. Десе де, ақпараттық дамыған заманда оған да үйренуге тура келді. Қазақ мұндайда «үш күннен соң көрге де үйренесің», демеуші ме еді.

Махфура Қауметова, Шақат ЖББМ физика пәні мұғалімі (Павлодар ауданы):

Жалпы Қазақстанның білім саласында алғаш рет болып тұрған дәріс беру процесі. Басында өзімде кішкене үрей болды өзімнің ойымда. Қалай болады, бұл жағдайда не істеу керек деп? Бірақ, енді әр түрлі Классрум, Зум платформаларында қарап өзімнің білімімді жетілдіріп соны оқушыларға беруге тырыстым.

Осы ретте педагогтардың біліктілігін арттыру институт іске кірісті. Қашықтықтан оқыту жүйесі басталғаны павлодардағы Өрлеуден мыңдай маман тәлім алып шықты. Қазір де тәжірибелерін шыңдап жатқандар бар. 

Әсем Ережепқызы, Павлодардағы №5 мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

Инновациялық технологияны қаншалықты оңтайлы қолдану, олардың тиімділігін, біз біле білмейтін көп дүниені жаңағы алып жатырмыз. Үнемі сабақ барысында, кез келген тақырыпты талқылау барысында кері байланыс міндетті түрде мұғаліммен. Олада бір үлкен нәтиже үлкен жетістік деп өз басым ондай курстар өте тиімді деп ойлаймын.

Жалпы, бізге осы онлайн оқыту керек пе? Келешекте осы әдіске түбегейлі көшіп кетсек не болады? Қашықтықтан оқыту біртіндеп дәстүрлі оқу жүйесін қатардан ығыстырып салса не болады? Сауалдар сан түрлі. Жалпы, біздің елімізге қашықтықтан оқыту тәжірибесі керек пе? Осы ретте сарапшы мамандар не дейді?

Роза Әшімбетова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ ПОФ директоры

Қазақстан климатымыз ауа райымыз күрделі. Павлодар өңірінде аяз болса балалар үйде қалады. Осы жағдайда қашықтықтан оқытуды қолдануға болады, менімше. Солай ғой, сосын шағын жиналған мектептерде барлық пәндер бойынша мұғалімдер жоқ. Ал, енді осы видео сабақтар болса  жақсы, олардың сапасы да бара бара өсе береді ғой. Әрине басында кемшіліктер болды барлығы түзеледі дегендей сол сабақтарды қолдануға болады.

Сарапшы мамандар, келешекте аптасына бір күн онлайн сабақ өткізіп тұру керек деген пікір айтады. Елдегі педагогтар әсіресе, соңғы тоқсанда тәжірибеден өтті.  Жалпы, биылғы оқу жылында Павлодар облысы бойынша қашықтықтан оқу жүйесі арқылы мыңнан артық оқушы білім алды. Әйтсе де, дәстүрлі білімге не жетсін. Еркежан мен Балжан секілді сабақты сағынып жүргендер қаншама!?

 

Есенбек САНАТҰЛЫ

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар