ШҰҒЫЛ! Өзгерістер жолдауы Толығырақ

28 түлек мектеппен қоштасты

21:50, 25 мамыр 2022

Павлодар қалалық №43-ші мектепте 1280 бала білім алады. Биыл алтын ұя мектебімен 28 түлек қоштасты.

Соңғы қоңырау №43 мектепте  де соғылды. Білім ошағы  - шаһардың байырғы оқу орындарының бірі. 50 жылдық тарихы бар оқу ордасы білім беру саласының көшбасшысы саналады. Биыл мектепті 28 түлек тәмамдап отыр. Үлкен өмірге қадам басқан жастарды мектеп директоры  құттықтап, арман-мақсаттарына жетуді тіледі.

Қайыржан Молдабеков, №43 ЖОББМ директоры:

Түлектерге тек болашағы болып, қанаттары талмай тек, биіктерге шырқасын. Және алдында тұрған емтихандардан абыроймен өтіп, жоғары оқу орнынан түсіп студенттік дәуірді қызықты өткізіп, сондай жақсы еліміздің мамандары кәсіпқой болсын.

Мектептің биылғы түлектерінің арасында олимпиада жеңімпаздары, спорт шеберлері, болашағынан үлкен үміт күттірер түлектер бар. Көп жылдар бойы қара шаңырақта еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагер ұстаздар келіп, оқушыларға ақжарма тілек білдірді.

Галина Горецкая, ардагер ұстаз:

Соңғы қоңырау мен үшін ерекше мереке. Еріксіз көзіме жас келеді. Себебі, мен мына мектептен 30 жылдан аса еңбек еттім. Осы жерден құрметті  зейнеткерлікке шықтым. Жыл сайын соңғы қоңырау мерекесіне келіп, қатысып отырамын. Түлектерге тілейтінім сәттілік, бар жиған, терген білімдерін тестілеуде көрсетіп, жоғары ұпай алуларына тілектеспін.

Бұл күн –түлектер үшін  ұмытылмас сәт.  Олар ұстаздарға алғыстарын білдірді.   Милана Айтуғанова келешекте энергетик маманы  болғысы келеді.   

Милана Айтуғанова, мектеп түлегі:

Мен мына мектепте 1 сыныптан оқып, бүгін оқуымды бітіріп жатырмын. Көңілім босап, қобалжып тұрмын. Алдымызда емтихан күтіп тұр. Бірыңғай ұлттық тестілеуден өтуіміз керек. Мен жоғары ұпай жинап, грантқа оқуға түсемін деп үміттенемін.

Сыңғырлаған соңғы қоңырау түлектерді үлкен өмір сапарына шығарып салды. Ал алдағы күндері мектеп түлектерін маңызды сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр.

 


Әйгерім Тоқпанқызы

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар