ШҰҒЫЛ! Оқушыларға екпе салу қарқын алды Толығырақ

Павлодар облысында көмір химиясын дамытуға кірісті

19:25, 15 қазан 2021

Павлодар облысында көмір химиясын дамытуға кірісті. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов, Көмір химиясы және технология институтының, Ә. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының және «Казтехноуголь» ғылыми-өндірістік бірлестігінің өкілдері, сондай-ақ, Ертіс өңірінің ірі көмір өндірушілері тиісті меморандумға қол қойды.

Әріптестік туралы келісім жасау кезінде Павлодар облысының әкімі еліміздегі көмірдің жартысына жуығы өндірілетін өңірде көмір химиясына көшу мәселесі бұрыннан өзекті екендігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл шешім ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ұсынған көмірсутекті бейтараптылық концепциясына сәйкес келеді.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:

Бұл ұзақ мерзімді жоба, сондықтан онымен қазірден бастап айналысуымыз керек. Өңір үшін көмірді баламалы түрде пайдалану мәселесі ерте ме, кеш пе туындайтыны анық. Ғылым, бизнес пен атқарушы биліктің бірлескен жұмысы көмір өнеркәсібіне ғылыми технологияларды енгізіп, көмір химиясының жоғары өңдеудегі өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді.

Көмір химиясы және технология институты Павлодар облысының көмір химиясын дамытудағы стратегиялық әріптесіне айналады. Институт қызметкерлері қазірдің өзінде көмір күлін қалдықсыз өңдеу технологиясы, шайынды суларды тазартуға қажетті құрамында көмір бар адсорбенттер алу және т.б. зерттемелер әзірлеген. Өңірдің көмір өндіретін кәсіпорындарының көбі орналасқан Екібастұзда институттың өкілдігі ашылады. Оның базасында үш жақты әріптестік жүзеге асырылады.

Болат Ермағамбет, көмір химиясы және технология институтының директоры:

Екібастұз аймағындағы көмірлердің қоры негізі өте үлкен. Газдан бастап күнделікті өмірге қажетті материалдардың барлығын алуға болады. Мысалы, қазір әлемдік практикада осы көмірден 300 түрлі нәрселер алады. Қазақстанда мұңай өндіру саласы кеңенен дамыған ғой. Ал көмірден тек отын алынады. Негізі көп нәрселер алуға болады. Талшықтар, композиттік материалдар алуға болады.

 «Богатырь Көмір» ЖШС, «Еуразиялық энергетикалық корпорация», «Майкубен Вест» АҚ, «Ангренсор Энерго» және «Гамма Сарыколь» ЖШС-тері сияқты бес ірі көмір өндіретін кәсіпорындар ғалымдармен әріптестік орнатуға дайын. Көмір өнеркәсібін дамытудың жаңа жолдарын іздеуде олар барынша қолдау көрсетуге уәде берді. Аймақ басшысы ғалымдар мен көмір өндіру кәсіпорындары меморандуға қол қойған соң бірден жұмысқа кірісетініне үміт білдірді. Осылайша, Павлодар облысында көмір химиясына көшуге мүдделі тараптар - ғылым мен бизнестің арасында байланыс орнатпақ.

 

Аяулым Рахымжанова

Тақырып бойынша материалдар

Павлодар диқандары 1 млн-нан астам дәнді дақыл жинамақ
18:51, 15 қазан 2021
Павлодар диқандары 1 млн-нан астам дәнді дақыл жинамақ
Толығырақ...
«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі»
21:34, 11 қазан 2021
«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі»
Толығырақ...
Елордадағы ауылшаруашылық жәрмеңкесі
21:27, 11 қазан 2021
Елордадағы ауылшаруашылық жәрмеңкесі
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

«Мемлекеттік шекара» атты кітаптың тұсауы кесілді
21:18, 29 қараша 2021
«Мемлекеттік шекара» атты кітаптың тұсауы кесілді
Толығырақ...