ШҰҒЫЛ! Өзгерістер жолдауы Толығырақ

Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияға 75 жыл!

20:04, 15 қараша 2021

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы 75 жылдығын атап өтті. Облыстың ең танымал шығармашылық ұжымдарының бірі республикалық және өңірлік наградалармен марапатталды.

Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның құрылғанына биыл 75 жл толды. Мерейтойлық салтанатты жиын Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтті. Шығармашылық ұжымды Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов құттықтады. Өңір басшысы филармонияның мәдениетті дамытудағы маңызын атап өтіп, оның қызметкерлеріне жаңа жетістіктер тіледі.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:
Музыканың құдіреті, ұжымның еңбегі мен көрермендердің ықыласының арқасында Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық  филармониясы бүгін өзінің мерейтойын ел көлемінде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде танымал  ұйым ретінде қарсы алып отыр, - деді ол. - 75 жыл ішінде филармония отандық мәдениеттің көрнекті қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдарының өнерімен сусындауға мүмкіндік берді. Көрермендер Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев және басқа да қазақ мәдениетінің мэтрлерінің концерттерін тамашалады. Филармонияның концерттерін ұйымдастыру деңгейі жыл сайын артып келеді, ал, шығармашылық ұжымдар өңіріміздің мәдени дәстүрлерін сақтап келеді. Ең бастысы, филармонияның тыңдармандарына бұл зор қуаныш сыйлайды.  
Филармонияның мерейтойына орай оның қызметкерлері түрлі марапаттарға ие болды. Джаз оркестрінің әртісі Кира Шейкина мен «Лад» орыс халық аспаптары ансамблінің көркемдік жетекшісі Оксана Петрушкина «ҚР Мәдениет саласының үздігі» ведомстволық төс белгісімен марапатталды. Дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаевқа «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» медалі табысталды. Рүстембек Омаров атындағы қазақ  ұлттық аспаптар оркестрінің әртісі Ризолла Садықов, камералық хор әртісі Гүлмира Әлжанова және симфониялық оркестрдің әртісі Александр Мастабаев Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Аймақ басшысының Алғыс хатымен симфониялық оркестрдің әртісі Константин Арсланов пен дәстүрлі әнші Сәуле Мүсіпова марапатталды.


Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы филармонияның тыңдармандарына сәлем жолдады.


Мерейтой иелерін филармонияның бұрынғы директорлары Владимир Линчевский мен Виктор Каммерцель құттықтады. Қазіргі кезде басқа қалалар мен шет елде тұратын ардагерлер өздерінің ісін жалғастырушыларға бейнеқұттықтау жолдады.     


Филармония әртістері өз тыңдармандарының назарына мерекелік концерт ұсынды. Сахнада «Шернияз» және «Нұр» би ансамбльдері, «Ретро» және «Samiyan» вокалдық ансамбльдері, камералық хор, «Лад» орыс халық аспаптар ансамблі, джаз оркестрі мен филармония солистері өнер көрсетті. Опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов екі ұжымның - Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. 
 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

Тұрғындар екі емхананың жұмысына жиі шағымданады
17:58, 12 тамыз 2022
Тұрғындар екі емхананың жұмысына жиі шағымданады
Толығырақ...