ШҰҒЫЛ! КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ ЕКІ АПТАҒА ҰЗАРТЫЛДЫ Толығырақ

СПОРТ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

15:26, 3 наурыз 2020

Ерекше қажеттіліктегі адамдар арасында жүзуден Павлодар облысының ашық чемпионаты өтті. Жарысқа 70-тен астам әуесқой спортшылар қатысты. Жас ерекшелігі бойынша шектеулер қойылған жоқ.

Облыс деңгейінде өткен чемпионат жүзудің мықтыларын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, болашақта республикалық және халықаралық додаларда облыс намысын қорғайтын команда құрамын жинауға да септігін тигізеді. Қатысушылар 50 және 100 м қашықтықта сайысқа түсті.

Гүлмира Айғожинова, бас төреші:

Біз қыркүйек, қаңтар айларында іріктеу жүргіземіз. Спортшылардың диагнозын қарастырамыз, куәліктерінің дұрыстығын тексереміз. Егер барлығы дұрыс болса, әрине алда болатын жарыстарға қатысуға кеңес береміз. Тіпті, облыстық жарыстарға ғана емес. Сонымен қатар республикалық жарыстарға қатысады. Басында бізде ішкі, жергілікті, содан кейін қалалық байқаулар болады. Жалпылама айтқанда, республикадан халықаралық деңгейге дейін өтуге мүмкіндігіміз бар.

Жарыс алдында жаттығу жұмыстары жүргізілді. Аптасына екі күн 3 сағаттан әуесқой спортшылар дене шынықтырумен айналысады. Бұл жаттығулар оларға қашықтықты қиындықсыз жеңуге ықпалын тигізеді. Жүзу кезіндегі ең басты қағидалар: уақыт және техникалардың қателіксіз орындалуы.

Гүлмира Айғожинова, бас төреші;

Жиналыс болған кезде кейбір қиындықтар болады. Негізі, біздің спортшыларымыздың барлығы белсенді. Хат жіберілген кезде, лезде жиналып келеді.

Берік Әлжанов бұл жарыста бірінші рет қатысып тұрған жоқ. Ол 2015 жылдан бастап жүзумен айналысады. Оның айтуынша, ешқашан жүзуші-спортшы боламын деп ойламаған.

Берік Әлжанов, жарысқа қатысушы:

Шыны керек, жүзумен аяқ астынан айналысып кеттім.  Мен алғаш келгенде мүгедектер арбасында болдым. Мені осындағы жігіттер суға түсіріп жіберді. Мен мүлдем олай болады деп ойлаған жоқпын. Ол кезде жаттықтырушының аты Женя болатын. Ол маған жүзуді үйретті. Міне, қазір жасым 60-қа келді. Шынымды айтсам, кейде ұяламын жасымнан. Қазір жастардың көбі белсенді қатысады. Негізі, мен «Шымыр» орталығына шын жүректен қуаныштымын.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер әр қашықтық сайын анықталып отырды. Көптен озып, жеңіске жеткен жүлдегерлер сәуір айында өтетін Тараз қаласындағы республикалық кезеңге дайындықты бастайды.

 

Аслан ЕРТІСБАЕВ, Валерия СТЕПЧУК

Тақырып бойынша материалдар

ОНЛАЙН МАРАФОН ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
12:03, 9 шілде 2020
ОНЛАЙН МАРАФОН ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар