ШҰҒЫЛ! 14 БАЛА ИРАКТАН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЙТАРЫЛДЫ Толығырақ

ЕРТІС ШАХТЕРМЕН ТЕҢ ОЙНАДЫ

10:54, 25 маусым 2019

Бапкер де, басшы да ауыстырғанымен Ертіс футбол клубы жүйелі ойын өрнегін көрсете алар емес. 15-тур аясында өз алаңында Шахтерді қабылдаған павлодарлықтар тең ойынды қанағат тұтты. Бұл күні қос тарап та гол соға алған жоқ.

Бірінші таймда Ертістің гол соғатын мүмкіндіктері болғанымен әдеттегідей шабуылды аяқтар тұста алға басқан қадамдары кері кетіп жатты. Шабуылдардың көбін Карлос Фонсека ұйымдастырғанымен оған пас берген кезде  португалдық футболшы көбінесе ойыннан тыс қалып жатты. Екінші таймда қарағандылықтар белсенділік танытты. Олар да өздеріне берілген бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Ал, 82 минутта Шахтер ойыншысы Нияз Шұғаев екінші сары қағазын алып ойыннан қуылған. Десе де жерлестеріміз ойыншы басымдығын өз пайдаларына жарата алмады. Матчта есеп ашылмай екі команда бір-бір ұпайды қанағат тұтып тарқасты.

Милан Миланович, «Еrtis» ФК бас бапкері:

Алғашқы 30 минут тартысты өтті. Доп көбінесе алаң ортасында болды. «Шахтер» техникалық және допты бақылау жағынан мықты команда. Ойында бәрі дұрыс, тек шабуылды аяқтау болмады. Соққы жасайтын жерден жасай алмады. Бұл мәселемен жұмыс жасаймын. Екінші таймда айтарлықтай жағдай орын алған жоқ. Манзорро шабуыл шебіне шыққанда ойын жүре бастады. Келесі ойында шабуылды аяқтауды жақсартамыз. Гол жібермегеніміз жақсы болды. Қолдаушыларға алғыс айтқым келеді. Әлі 17 ойын бар. Жағдайды түзетеміз деген ойдамын.

Расында қазір Ертіс жеңілмегеніне мәз болатын жағдайда жүр. Тең ойын павлодарлықтар үшін жеңіске пара пар. Әр матч сайын үміт күткен жанкүйерлерде күдер үзетін емес. 14 ұпайы бар 9-орнын сақтап қалды, әзірге. Ертіс келесі ойынын сырт алаңда өткізеді.

 

Есенбек САНАТҰЛЫ
 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар