ШҰҒЫЛ! COVID-19-БЕН КҮРЕСУДІҢ ҚОСЫМША ШАРАЛАРЫ Толығырақ

«ЖЫР МЕН ЖЫРШЫ» ЖОБАСЫ

17:28, 28 маусым 2020

Еліміздегі төтенше жағдай жарияланғаннан бері С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы да өзге мекемелер секілді қашықтықтан жұмыс жасауға көшкен. Онлайн форматта әр түрлі жобалар ұйымдастырылып келеді.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана оқырмандарға арнап үнемі қызықты жобалар ұйымдастырып келеді. Солардың бірі – «Жыр мен жыршы» жобасы. Кітапхана бастама көтерген шараны ұйымдастырушылардың бірі өңірімізге танымал жыршы – Даниял Әсенов. Халық ауыз әдебиетіндегі эпостық жырларды жас жеткіншіктерге жаттатып жүр. Мақсат – өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Даниял Әсенов, Абайтанушы, жыршы:

Негізінен Қыз Жібектен насихаттап жүрміп. Содан кейін енді Шәкәрімнің Еңлік-Кебек, Қалқаман-Мамыр, Мағжанның Батыр-Баянын. Біздің қаламызда ескерткіші тұр. Сонда мен ойлаймын, шіркін-ай, ескерткіш тұрғаны керемет, жақсы. Бірақ ол үнсіз. Ал оның өзінің ерлігін білу үшін шіркін Мағжанның дастанын білсе ғой. Батыр Баянды деп ойлап, сосын Батыр-Баянды халыққа айта бастадым.

Жыршылық өнер жалпы қазақтың қанына сіңген қасиет. Біздің ауыз әдебиетіміздің негізгі өзегі осы халық қазынасы.

Алпысбай Хонж, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері:

Ауыз әдебиетінің ішіндегі ең бір қайнар көзі бұл жыршылық өнер. Бұл жыр мен жыршы домбыраның қос ішегі секілді. Бір-бірінен ажырамайтын дүние. Сондықтан өкінішке қарай кейінгі кезде осы жыршылық өнер кенжелеп қалды. Осыны бір дамытайық, насихаттайық мына жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейік деген ниеттен осындай бір жобаны ойлап таптық.

Жас жыршы Айбек Ғалымжан 4 жылдан бері Даниял Әсеновтен қосымша сабақ алады. Бағыты жыршылық өнер. Жоба арқылы өз қатарластарын жыр жаттауға шақырды.

Айбек Ғалымжан,  8 сынып оқушысы:

Мен Қобыланды батыр жырын жаттай бастадым. Нақышына келтіріп үйретуді Даниял Әсенов аға үйретті. Негізі жыр жаттау қиын емес. Жыр жаттаудың ең бір ерекшелігі үнемі қайталау керек жырды.

Жырдың барлығы жүйелі түрде әлеуметтік желіге жүктеліп, облыстық кітапхананың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланады. Басты мақсат – оқырман қауымның қазақ әдебиетіне деген қызығушылытарын арттырып, жыр жаттауға баулу.

 

Бақытнұр БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар