ШҰҒЫЛ! ЖАРЫЛЫСТАН 11 АДАМ ЗАРДАП ШЕКТІ Толығырақ

«ҰЛЫ ДАЛА САЗЫ» ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

22:02, 11 қаңтар 2019

Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің танымал дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері мен күйшілерін тоғыстыратын «Ұлы дала сазы» атты жаңа жобаның таныстырылымы өтті. Шараға «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, термеші, әнші Айгүл Елшібаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ерлан Рысқали, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай қатысты.

Музыкалық жобаның мақсаты - атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз - дәстүрлі ән, жыр-термелерді, күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу.  Жоба 17 концерттен тұрады, ұзақтығы 1 сағат. Ұлттық арнадан 13 қаңтардан бастап, 28 шілдеге дейін әр жексенбі кешкі сағат 21.05-те көрсетілетін болады. Музыкалық бағдарлама 2018 жылдың қараша айында түсірілген болатын. Түсірілім барысында 180-ге жуық шығарма жазылып, еліміздің барлық аймақтарынан 91 өнерпаз қатысты. Олардың арасында 16 термеші, 34 күйші, 39 әнші, 2 жыршы өз өнерін көрсетті.  Әр халықтың рухани, мәдени әлемі бірінші кезекте дәстүрлі өнерінен танылады. Дәстүрлі ән, терме, күй бұл біздің ата-бабаларымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мәңгілік үні, шежіресі. Ұлттық арнадан жақында шығатын  «Ұлы дала сазы» жобасы көрермендеріміздің эстетикалық талғамы мен дүниетанымының дамуына өз үлесін қосатын бірегей жоба болатыны сөзсіз.

ЕРЛАН ҚАРИН, «QAZAQSTAN» РТРК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ

Дәстүрлі өнермен айналысып жүрген азаматтарға өз өнерін көрсететін осындай алаңдар, үлкен жобалар тұрақты түрде жүзеге асып жатқан жобалар жоқ. Оның үстіне бізде әрбір аймақта өздерінің қалыптасқан мектептері де бар. Біз сол мектептердің өкілдерін де көп жағдайда дұрыс көрсете алмай жатамыз. Содықтан, осы жобаның негізгі мақсаты дәстүрлі өнерді, озық үлгілерін, көп уақыттан бері жиналған мұрасын кең аудиторияға тағы бір жеткізу.

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар