ШҰҒЫЛ! COVID-19-БЕН КҮРЕСУДІҢ ҚОСЫМША ШАРАЛАРЫ Толығырақ

ТЕМІРГЕ ТІЛ, ЖАҢҚАҒА ЖАН БІТІРГЕН

17:50, 22 қараша 2020

Қазақта «Жолын жілген құм үстінен кеме жүргізер» деген тәмсіл бар. Бұл мақал темірден түйін түйіп, ағаштан бұйым жасап жүрген жандардың бірі Ақылбек Қабылбековке байланысты айтылса керек. Алғабас ауылындағы мектепте технология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаратын кейіпкеріміз өзі үйренгенін шәкірттеріне дарытып жүр.

Ақылбек Қабылбеков осы істі жастайынан қолға алған. 1981 жылы Семейдегі мұғалімдер институтын тәмамдап, аталмыш мектепке мұғалім болып келген. Қазіргі таңда технология пәнінен сабақ береді. Облыстық республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысып тұрады. Өз қолымен жасаған бұйымдары көптің көңілінен шығып, жүлделі орындарға да ие болып жүр.

Ақылбек Қабылбеков, қолөнер шебері:

Облыстық сайыста бірінші орын жүлдені жеңіп алды. Бұл жобаның атауын «Ұлы даланың жеті қыры» деп атадым. Мұнда жаңағы найзамыз. Табылған алтын адамның бас киімінің үлгісі бар. Қыран бүркітіміз бар. Бұл жылқымыз біздің әр уақытта негізгі көлігіміз болған.

Ақылбек аға тек қана ағаштан ғана емес, сонымен қатар, саз балшықтар, бетоннан мүсіндер жасайды. Мына мектептің сыртында тұрған аң құстардың барлығының авторы – бір өзі.

Ақылбек Қабылбеков, қолөнер шебері:

Мынау мүсін жасауға құштарлық пайда болды. Содан мүсін жасап, одан кейін балалармен ақылдасып, үндестік бұрышы деген, біздің бағана мектепте көрдіңіздер рухани жаңғыру мақсатында осы істі көрсету мақсатында бір бұрыш жасадық мектепте. Ойлаймын енді сәтті шыққан шығар деп.

Зұлқарнай Ермұратұлы, тілші:

Ақылбек ағаның айтуы бойынша шамамен бір мүсінді жасау үшін 1 аптадай уақыт қажет. Себебі, әр мүсіннің кебуі ұзақ уақытты талап ететіні белгілі. Сонымен қатар, сымы бар, цементі бар, басқа да құрал жабдықтары бар қаражат жағынан да 50-60 мыңдай ақша кетуі мүмкін.

Бұдан бөлек Ақылбек Қабылбеков сурет салғанды жанына жақын көреді. Шаңырағындағы шағын шеберханаға барып, небір алуан түрлі картинаны көзіміз шалды. Қанық бояу, табиғаттың сұлу бейнесі. Барлығы үйлесіп тұр.

Ақылбек Қабылбеков, қолөнер шебері:

Мектепте жұмыс істегеннен бері бұл суретке көп уақытым бөлінбек қалды. Кейінгі уақыттарда осы шығармашылық жұмысқа бет бұрып, осы жұмыспен шұғылданып жатырмын. Кішкене біраз уақытымды жоғалтып алғаныма өкінемін.

Бұдан бөлек, Ақылбек ағаның қолынан шыққан туындылар облыстың басқа да аудандарында орнатылған. Қазіргі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере жиеннің қызығын көріп отыр. Айта кетейік алдағы уақытта махабаттың символына айналған Естай мен қорланның бейнесін жасауды жоспарлап отыр.

 

Зұлқарнай ЕРМҰРАТҰЛЫ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар