ШҰҒЫЛ! КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ ЕКІ АПТАҒА ҰЗАРТЫЛДЫ Толығырақ

ОНЛАЙН ҚҰРБАНДЫҚ ҚАЛАЙ ШАЛЫНАДЫ?

21:14, 28 шілде 2020

Құрбан айтқа 3 күн қалды. Құрбан айт мерекесі 31 шілде күні басталып, 3 күнге созылады. Биылғы жылы карантин режиміне байланысты -Құрбандық шалу онлайн режимде өтеді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы осыған дейін айтты. Павлодар облысында Құрбандық шалудың орындары ашылады.

Биылғы жылы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбан айт намазы оқылмайды. Құрбандық та онлайн шалынады. Бүгінде құрбандық шалудың мұндай тәжірибесі Түркия, Индонезия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты бірқатар мұсылман мемлекеттерде бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Мұндай жаңашылдықты елімізде қолдану туралы шешім қабылданды.

Жолдас Қажы Қоспақұлы, Павлодар облысының бас имамы:

Ең бірінші 31 шілде күні  Павлодар облысы бойынша барлық мешіттердің есіктері жабық болады. Яғни, айт намазы оқылмайды. 31 шілде күні ешқандай айт намазы тәңертен, мешіттің ауласында, мешіттің ішінде халық жиналмайды. 

Биылғы жылы құрбандық шалудың тәртібі де өзгерді. Осы ретте Мүфтияттың бастамасымен Qurban2020.kz сайты іске қосылды. Сол арқылы онлайн тапсырыс беріп, құрбандық шалуға болады. Тапсырыс беруші құрбандық үшін союға таңдаған мал ақысын Kaspi.kz онлайн-банкингі арқылы төлей алады. Төлем қабылданған соң, тапсырыстың орындалғаны туралы смс-хабарлама жіберіледі. Құрбандық шалуға тапсырыс 2 тамызға дейін қабылданады.

Жолдас Қажы Қоспақұлы, Павлодар облысының бас имамы:

Біздер, имамдар пайда көретін мақсатымыз жоқ. Бағаны біздер былай қойдық. Ең бірінші қойды сататын кісілермен кездесіп, олармен тілдестік. Қасапшының бағасы саналады. Пакеттің, мүшелеудің, оның бағасы ол жерде саналады. Тоқтының бағасын бәрін реттеу арқылы, 40 мың теңге деп қойдық. Қойдың, қасапшының бағасын санаған кезде 53 мың деп қойдық. Ірі қара мал 2 жастан жоғары болу керек. Оның бағасын 360 мың деп қойдық.

Айта кетерлігі, онлайн құрбандықтың барлық еті мұқтаж адамдарға ғана таратылады. Павлодарда мал сою орны ипподромда ашылады. Барлығы санитарлық талаптарды сақтау арқылы жүзеге асырылады. Құрбан айт күндері тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады.

Жасқайрат Қайыров, полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

Құрбандық шалу орындарында қоғамдық тәртіппен жол қауіпсіздігін полиция департаменті қамтамасыз ететін болады. Шараларға дейін 1 күн бұрын әкелінетін мал мен барлық мүлік-меншікке қорғауға алынады. Рұқсат берілмеген шараларға, оның ішінде мал сою орындарына баса назар аударылады.

Сонымен қатар,  «мал сатамын» деген заңсыз хабарландырулар таратқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Жасқайрат Қайыров, полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

Қой, ешкі, ірі қара сатамын» деп хабарландыру берген адамдар – Әкімшілік кодекстің 505 бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға 20 АЕК, кәсіпорындар мен сауда орындарына 40 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Мал сою орындарында арнайы қорала ұйымдастырылады. Құрабандыққа шалынатын малды сол жерге әкеліп, бір жерде ғана сойылуы керек.

Заңсыз мал сою орындары ашылған жағдайда, оларға да әкімшілік жаза қолданылады. Интернет алаяқтыққа жол бермеу мақсатында қатаң бақылауға алынады. Құрбандық шалуға қатысты сұрақтар болса, тұрғындар экранда көрсетілген нөмірлер арқылы өз сауалдарына жауап ала алады.

 

Әйгерім БОЗАНБАЕВА

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар