ШҰҒЫЛ! COVID-19-БЕН КҮРЕСУДІҢ ҚОСЫМША ШАРАЛАРЫ Толығырақ

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА 370 АУЛА ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛДЫ

22:09, 20 қараша 2020

Қазіргі таңда шаһардағы аулаларды жарықтандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында 370 аулаға жарық шамдары орнатылған. Жыл соңына дейін қанша аулаға электр сымдары тартылады? Бұл туралы түрғын үй коммуналдық шаруашылығы мамандары мәлімдеді.

Биылғы жылы аулаларды жарықтандыруға жергілікті бюджеттен 500 млн-нан астам қаржы қарастырылған. Алға қойылған ілкімді істерді жүзеге асыру үш ірі компаниялардың мойнынына жүктеліп отыр. Жазғы уақытта 2500-ден астам бағаналар орнатылды.  Бүгінгі таңда электр сымын тартып, жарық қосу жұмыстары жүргізілуде.

Диас Жамалиев, мердігер ұйым өкілі:

Қазіргі уақытта Минин көшесіндегі аулада жұмыс жасап жатырмыз. Жарық диодты шамдарды орнатып жатырмыз. Қар түспей тұрып, бағаналарды орнатып алған болатынбыз. Нақтыласақ, 17 дана діңгекті орнаттық. Күн соңына дейін осы ауладағы жұмыстарды аяқтаймыз деп доспарлап отырмыз.

Сала мамандарының айтуынша жоспардағы жұмыстың 98 пайызы орындалды. Тек, жарық шамдарын іске қосу ғана қалып отыр. Шаһарда 1200-ден астам көп қабатты тұрғын үй бар. Бірақ, олардың әрқайсысының аулалары әр түрлі. Сондықтан сала мамандары жыл соңына дейін жұмысты 100 пайыз аяқтауды көздеп отыр. Бірақ, бұл қаладағы барлық аулалар жарықтандырылады деген сөз емес.

Әлібек Оразалин, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Жоқ барлығында бәрдей болмайды. Егер ауламен емес, тұрғын үй бойынша есептейтін болсақ, бізде 1200-ден астам тұрғын үй бар. Биыл солардың 600-ін іске қосамыз. Қалғандары келер жылға жоспарланады.

Айта кету керек, облыс орталығында 600-ге жуық аула бар. Соның 370-і бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында жарықтандырылып отыр. Демек, ағымдағы жылдың соңына дейін 135 аулаға сым тарту көзделген. Бірақ, қала тұрғындары тіреуіш орнатылғанымен, жарық берілген жоқ деп шағымданған болатын. Сала мамандары барлығы кезең-кезеңімен жасалатынын алға тартты.

Әлібек Оразалин, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Іске қосудың арнайы кестесі бар. Бұл шаруаны қарастыратын қалалық желілер бар. Сол мамандармен ақылдаса келе, нормативке сай жүзеге асырамыз. Яғни, тұрғындарға алаңдауға еш негіз жоқ.

Бұған дейінгі жұмыстармен айналысқан қарағандылық мердігерлердің бастамаларынан бірқатар олқылықтар анықталған. Қазіргі таңда компания үстінен іс қозғалып, қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде.

 

Зұлқарнай ЕРМҰРАТҰЛЫ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар