ШҰҒЫЛ! 5 ШІЛДЕДЕН БАСТАП ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ ЕНГІЗІЛЕДІ Толығырақ

ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫ БАҚЫЛАУДА

10:10, 30 маусым 2020

«Ертіс –адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері Павлодардағы тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын ірі қоқыс полигонына барды. Ондағы жағдаймен танысты. Айта кетейік, биыл полигон сенімді басқару иелігіне берілген. Үйіндінің жаңа иесі қоқысты қайта өндеуді қолға алмақ.

Бұл қоқыс полигоны ағымдағы жылы сәуірде өткен конкурстың қорытындысы бойынша 5 жылға сенімді басқаруға «KazEcoProm» серіктестігіне берілді. 2020 жылдың 26 мамырында қаржы бөлімімен келісімшартқа отырды. Маусымда өз жұмысын бастаған.

Данияр Тоқтаров, «KAZECOPROM» ЖШС басшысының орынбасары:

Бізде 400 миллиондық инвестициялық жоба әзірленіп жатыр. Оны тиісті органдарға жібердік. Жылына 150 мың тонна қоқысты қайта өндеуге мүмкіндік беретін кешенді орнату жоспарланып отыр. Кем дегенде қоқыстың 9 түрін қайта өндеу қажет. Жұмыстарды алдағы уақытта  бастап, келер жылдары кешенді орнатамыз деп отырмыз.

Жұмыстар басталғанмен түйіткілді тұстары да көріне бастады. Сенімді басқаруға алған компания қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, тасымалдайтын «СпецМашин» ЖШС-мен бүгінгі күнге дейін келісімшартқа отырмаған. Бірақ қоқысты қайтарымсыз негізде қабылдап отыр.

Марина Регатунова, «Павлодар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы:

Әлі жұмыс жасау керек. Міндетті түрде полигонды қоршау керек. Қоқысты жеке-жеке жинау жүйесін де алдағы уақытта енгізу керек.

Шынымен, экологиялық заңнама аясында полигон аумағы қоршалып тұру керек. Одан бөлек, жобалық кеңсе өкілдерін мында жұмыс істейтін жұмысшылардың жағдайы да алаңдатты. Мәселе, бір айдың ішінде шешімін табатын болды.

Ризабек Исабеков, «ERTIS – ADALDYQ ALANY» жобалық кеңсесінің басшысы:

Жаңадан келген жалға алушы айтқан жоспарлардың бәрі жүзеге асады деп сенеміз. Шаһарда қоқыс коллапсы болмайды деп ойлаймын. Осының бәрі тұрғындардың жайлы, сапалы өмір сүру үшін жасалып жатыр.

Сонымен қатар, басқарушы компания өкілі алдағы жоспарларымен, тариф саясатымен бөлісіп, қоқыс төбедегі өрт жағдайларын реттеу туралы жоспарларын паш етті.

Самал ҚАЛИҚЫЗЫ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар