ШҰҒЫЛ! КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ ЕКІ АПТАҒА ҰЗАРТЫЛДЫ Толығырақ

ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ

15:06, 3 наурыз 2020

Бүгінде қаламыздағы әлеуметтік-психологиялық оңалту орталығында балаларымен 37 әйел мекен етеді. Орталық отбасында зорлық-зомбылық көрген құрбандарға жоғары сапалы көмек көрсетуге тырысады. Ол жердегі әр жанның жүрек қынжылтар оқиғасы бар.

Біз әдеттегідей кейіпкеріміздің бейнесін көрсетіп, аты-жөнін жарияламаймыз. Мәдина үш баланың анасы. 14 жастағы ұлы және екі кішкентай қызы бар. Алайда, қазір оның жанында алты айлық қызы ғана, азаматтық күйеуінен кішкентай бүлдіршінің ғана алып кетуге мүмкіндігі болған. Жас кезінде тұрмысқа шыққан Мәдина жиырма жылдан кейін, сабырлы, байсалды болып көрінген ғашығының қатыгез жанға айналатынын елестете де алмаған. Олар 2002 жылдан бастап азаматтық некеде болғанымен, 2013 жылдан бастап бөлек тұрыпты. Осы уақыт аралығында Мәдина бәрін кешіріп келген.

Мәдина, Павлодар қаласының тұрғыны:

Ол маған тыныштық бермеді, ауылға келіп, кешірім сұрады. Оны кешірдім, аядым. Ол маған сабырлы болып көрінді және бұрын соңды үйленбегенін айтты.

Бірақ, оның бәрі жалған болып шықты. Келіспеушіліктер жеке үй салған кезден басталды. Ер адам үнемі әйелін қорлап, ақша мен мүлік үшін жанжал шығарған.

Мәдина, Павлодар қаласының тұрғыны:

Мен көп жағдайларда үндемеймін, ұрыс бастамаймын.  Бұл жолы мен тек оған балалардың қажеттілігі үшін ақша сұрадым. Күз мезгілі еді,  сол үшін жанжал туындап, қол көтерді. Осындай жағдайлар туындаған сәтте «бұл менің үйім, сенің ештенен жоқ» деп айтатын.

Орын алған кезекті жанжалдан кейін Мәдинаның басы жарақат алды. Сол кезден екі баласын көрген емес. Құжат, киім-кешексіз бауырындағы балаларысыз ауруханаға жеткізілді. Кейін, оны қаламыздағы дағдарыс орталығына жіберген.

Мәдина, Павлодар қаласының тұрғыны:

Қала көшелерін кездім. Аяғым қатты тоңды, ол кезде күн де суық болатын. Менің бұл жерде туыстарым жоқ. Анамда жоқ, ешкім де жоқ.

Фарида Белгібаева, дағдарыс орталығы басшысының орынбасары:

Учаскелік полицей бірден әрекет етті. Сот сараптамасы өтті. Екі аптадай уақыт өтті, әлі күнге дейін сараптама әлі дайын емес. Бүгін учаскелік полицеймен хабарластық, алдағы уақытта сот отырысы болатынын айтты. Осындай ауыр жарақаттарға қарамастан жолдасына тек ескерту болады.

Қазіргі уақытта Мәдина тек балаларымен бірге болуды қалайды. Бұл ретте, дағдарыс орталығының қызметкерлері қарқынды жұмыс атқаруда. Жақын арада үлкен ұлы мен үш жасар қызы анасының қасында болатына кәміл сенеміз.

Мәдина, Павлодар қаласының тұрғыны:

Мен қазір балаларыммен бірге болғым келеді. Оны көргім келмейді. Балаларым бүгінгі күнге дейін жанжал, мені ұрған сәттердің куәсі болды. Мен енді ондай жағдайлар қайталанғанын қаламаймын.

Қазіргі уақытта дағдарыс орталығында 37 адам тұрады, атап өткен жөн, тұрғындар саны қалыпты жағдайдан асады. Бірақ, орын жетіспесе де, мамандар барлық қажетті қызметтерді сапалы көрсетуге тырысады.

 

Мөлдір САҒИДОЛЛА, Сабина РАХЫМБАЙ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар