Павлодарда «Абай оқулары» облыстық байқауы өтті

Керекуде хәкім Абайдың туған күніне орай 17-29 жас аралығындағы этнос жастары өкілдері арасында дәстүрлі «Абай оқулары» облыстық байқауы өтті. Байқау облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Бұл іс-шара елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы мен «Тілдерді дамыту мен қолдану мақсатында облыстық іс-шаралар жоспарынан» негіз алады.

14:31, 10 тамыз 2017   129

Байқаудың басты мақсаты – қазақ тілінің қолданысын кеңейту, ұлы Абайдың шығармаларын насихаттау арқылы қазақ мәдениеті, тілі мен әдебиетіне деген жастардың құштарлығын арттыру. Өңіріміздің қала және аудан деңгейіндегі жеңімпаздар Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары, Успен және т.б. аудандардан жиналған дейді басқарма басшысы Сәуле Османова.

СӘУЛЕ ОСМАНОВА, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы

Байқау шартына сәйкес үміткерлер Абайдың білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармасы мен қара сөзін мәнерлеп оқу, «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа айту және Абайдың әндерін орындаудан тартысқа түсті. Бұл тартыстардан сүрінбей өтуге тырысып, Абайды кішкентай кезінен сүйіп оқыған Лаура Торгашина болашақта өзім сияқты жастарға Абайды ешқашанда ойынан шығармауды үйретемін дейді. Домбырамды арқалап, талай сайыстардың табалдырығын тоздырғаным да Абайға деген махаббатымнан деп айтады ол.

ЛАУРА ТОРГАШИНА, Павлодар қаласынан келген қатысушы

Қазылар алқасы қатысушылардың көркем мәтінді таңдау және оқу шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап, таза сөйлеуіне, ән орындау шеберлігіне, көрермендер алдында өзін-өзі ұстау мәдениетіне баса назар аударды. I орынды иеленген Екібастұз қаласының қатысушысы сүйікті өлеңдерім «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» және «Сегізаяқ» дейді. 3-4 жыл бойы «Абай оқулары» байқауына қатысып жүрген Дмитрий Угрюмов үшін белгілен шарттар тым оңай боп көрінді.

ДМИТРИЙ УГРЮМОВ, Екібастұз қаласынан келген қатысушы

Нәтижесінде бас жүлдені Павлодар қаласынан Марина Харчук қанжығасына байлады. I орынды Екібастұз қаласынан келген үміткер Дмитрий Угрюмов, II орынды Май ауданының қатысушысы Ксения Ронде және III орынды Баянауыл ауданының үміткері Румиса Мержоева иеленді. Барлық қатысушы үміткерлерге дипломдар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Алдағы уақытта облыстық байқаудың жеңімпазы Павлодар облысы намысын республикалық деңгейде қорғайды. 

«Қазақстан-Павлодар» телеарнасының ресми сайты

140006, Павлодар қаласы, Сұрағанов көш., 21 үй Байланыс телефондары: 8 (7182) 33-90-26