ШҰҒЫЛ! 200 ТЕҢГЕЛІК МОНЕТА ШЫҚТЫ Толығырақ

ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ

12:16, 26 қаңтар 2020

Президенттің тапсырмаларын Үкімет тиісті деңгейде орындамаған. Кемшіліктер жеткілікті. Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысына төрағалық еткен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиын қорытындысында осылай деді.

Асқар Мамин бастаған министрлер кабинетіне әзірге сөгіс жарияламай, керісінше кемшіліктерін түзетуге мүмкіндік беретінін айтты. Бұдан былай өз ісіне салғырт қараған министрлерді қажет болса, тағынан тайдырамыз деп қатаң ескертті. Үкіметтің есебінше халықтың табысы 5,5 пайызға өскен. Басқаша айтсақ, 2 миллион 700 мың адамның айлығына ақша қосылған. Бірақ, жалақының артынан іле-шала бағаның көтерілетін әдеті әлі қалмапты. Бұл мәселеге Президент былай деп баға берді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Өткен жылы өкінішке қарай Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында қымбатшылық деңгейі бойынша «чемпион» болдық. Еңбек өнімділігінің айтарлықтай өсімі жоқ. Міне нағыз үлкен проблема осы. Шикізаттық емес экспорттың үлесі өте баяу.

Халықтың табысын арттыру үшін, экономиканың барлық саласы бір деммен қозғалуы керек. Нарықты әділ бесекемен дамыту ең маңызды мәселе. Бірақ, біздегі көрініс керісінше. Барлық салада монополизация күшейген. Осы тұста, «бәсекені күшейтпей – мемлекеттің экономикасы туралы ауыз ашпай-ақ қоюға болады»,- деді Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Электро-энергетикада, мұнай өнімдерін жеткізуде, темір жол тасымалында, ұялы байланыспен қамтуда, банк саласында жағдай осындай. Осының кесірінен нарықтық бағаның қалыптасуына жол бермей, тасымалдаушылардың арасындағы бәсекелестік бәсеңдеді. Бұрын нарықта мемлекеттік монополияның көптігі туралы айттық, енді міне жеке монополиялар ортаға шықты. Сондықтан, Үкімет жаңа кәсіпкерлердің нарыққа кіруі үшін әкімшілік кедергілерді жойып, тиімді шаралар қабылдауы керек.

Қазақстандық банктер үшін бизнесті емес, қарыз сұрап келген халықты қаржыландыру пайдалы болып тұрған сыңайлы. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары кәсіпкерлерге несие беру төмендеп, керісінше жеке тұлғаларға кредит беру көбейген. Банктерден ақша алып, онысын төлей алмай, үстемеақысын өсіріп алып, төлей алмай басы қатқан 1 млн 200 мың адамға мемлекет есебінен жәрдем жасалғаны мәлім. Енді мұндай акцияға жол бермеу туралы тапсырма берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Несиені қайтара алатындарға ғана беру керек. Бізде жеке тұлғалардың несиесі 1 трлн 400 млрд теңгеге дейін өсіп, жалпы сомасы 6 трлн 7 млрд теңгені құраған. Оның барлығы бірдей толықтай қайтарылама? Жауапсыз сұрақ деуге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелеріне әрі әкімдерге «жалпақ шешейліктен тыйылып» әрбір түскен тиынды болашақ ұрпақ үшін жинау  керектігін ескертті. Мұнайдың, газдың басқа да қазба байлықтың ақшасынан тыс, жекешелендіруге шыққан әрбір активтің ақшасын ешкімге қолды қылмай,  Ұлттық қорға  аударуды тапсырды. Сонымен қатар, Ұлттық қорға балама болатын қосымша институттарды құруға рұқсат етілмейтінін айтты.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Елбасының бастамасымен құрылған Ұлттық қор баламасыз институт болып есептеледі. Қандай да бір қосымша қорларды құруға жол берілмейді. Үкімет, Ұлттық қор және жаңадан құрылған агенттік осы мәселені ерекше қаперіне алуы тиіс.

Мемлекет басшысының сайлау алды тұғырнамасы бойынша Үкіметке бірнеше тапсырма берілгені мәлім. Халықтың табысын көбейту, баспанамен қамту, жұмыссыздықты азайту, сапалы медицина мен білім бағытында өздеріне жүктелген міндетті толық орындамаған министрлер жоқ емес бар. Бірақ, бүгін олардың ешқайсысы сөгіс алған жоқ. Президент бүгін тағы бір мәрте тапсырма берді және тағы бір мәрте мүмкіндік беруді жөн көріпті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Сөгіс беру жақсы нәтижеге жетудің аса тиімді жолы емес. Бұл менің нақты ұстанымым. Сондықтан, үкімет мүшелеріне және әкімдерге кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріп отырмын. Сондықтан, бүгінгі жиын барысында берілген тапсырмаларды зор жауапкершілікпен орындау қажет. Көктемде бұл мәселеге қайта ораламыз. Сол кезде түрлі себептерге байланысты өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағандарды қызметінен босату жөнінде нақты шешім қабылдаймыз.

Сонымен қатар, Президент әкім-қаралардың барлығын үнемді болуға шақырды. Қымбат көліктер, бағалы жиһаздар сатып алуға және форумдар өткізуге ұзақ мерзімді мараторий жариялауды ұсынды.

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар