ШҰҒЫЛ! КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ ЕКІ АПТАҒА ҰЗАРТЫЛДЫ Толығырақ

САҚТАНСАҢ САУ БОЛАСЫҢ

14:30, 3 наурыз 2020

Елімізде коронавирусқа байланысты 50-ден астам халықаралық рейске шектеу қойылды. Өйткені қауіпті індет бір түннің ішінде Әзірбайжан, Эквадор, Катар секілді тағы 5 елге тарап кеткен. Осылайша халқы вирус жұқтырған елдердің саны 60-тан асып кетті. Бұл тізімде Қазақстан жоқ. Вирус елімізге өтіп кетпеуі үшін Үкімет қауіпсіздік шараларын қалай күшейтпек?

Әлемді дүрліктерген қауіпті індет күн сайын өршіп барады. Қытай, Италия, Корей секілді 60-тан астам ел қазір аурумен алысып әлек. Елімізде де сақтық шаралары барынша күшейтілген. Осы уақытқа дейін коронавирус күдігімен 30 мың адам карантинге жабылып, оның 6 мыңы әлі дәрігерлердің бақылауында.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Солардың арасында нақты жұмыс жүргізіледі. Ауру адамдардан қан алып тексереміз. Қазір олардың ішінде коронавирус табылмаған. Сонымен жалпы елде қазіргі күнде бізде коронавирус тіркелген жоқ.

Вирус тіркелмегенімен, оған қарсы тұруға қауқар қажет. Сондықтан Денсаулық сақтау министрі вирусқа қарсы «Б» жоспарын әзірледі. Құжат елімізге алда-жалда індет тараса, дүрлікпей, үйлесімді әрекет ету үшін қажет. Онда әрбір министрлік пен әкімдіктердің жұмыс істеу ережесі жазылған. Мәселен, вирус тараған елдерге әуе қатынасын шектеу, түрлі шараларды азайтып, қоғамдық орындарда бақылауды күшейту, әрі инфекцияға қарсы дәрі-дәрмектің қажетті қорын жинақтауға ерекше басымдық берілген. Премьер-министр де жағдайды қатаң бақылауға алуғы тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

Сыртқы істер министрлігі елде бұған дейін жоспарланған ірі халықаралық шараларды ауыстыру бойынша ұсыныс енгізсін. Және коронавирус таралған елдер үшін транзиттік, электрондық, туристік визаларды беруді тоқтату қажет. Индустрия және Инфрақұрылымдлық даму министрлігі осы вирус жылдам таралып жатқан елдерге тұрақты рейстерді шектесін.

Рейстер қазірден тоқтатылып жатыр. Мәселен Нұр-Сұлтан мен Алматыдан - Сеулге аптасына 9 рет ұшатын ұшақ енді тек 2 мәрте көкке көтеріледі. Сондай-ақ, Алматы-Баку рейсі азайып, Алматы-Теһран бағыты бойынша әзірге ұшақ ұшпайтын болды.

Тақырып бойынша материалдар

КВИ МЕН ПНЕВМОНИЯ СТАТИСТИКАСЫ БІРІКТІРІЛДІ
21:34, 3 тамыз 2020
КВИ МЕН ПНЕВМОНИЯ СТАТИСТИКАСЫ БІРІКТІРІЛДІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар