ШҰҒЫЛ! 31-ТАМЫЗДАН БАСТАП БІРНЕШЕ НЫСАН ҚАЛЫПТЫ ЖҰМЫСЫНА ҚАЙТА КІРІСЕДІ Толығырақ

МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ

23:17, 23 наурыз 2020

Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылып тығырыққа тірелген азаматтарға мемлекеттен жәрдем жасалады. 1,5 миллионға жуық адамға ең төменгі жалақының мөлшері яғни 42 500 теңгеден төленеді. Бүгін Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы биліккке бұқараны қолдау мен қорғауға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы онлайн режимде өтті. Оған облыс әкімдері, мемлекеттік және құқық қорғау орган басшылары бейнебайланыс  арқылы қатысты. «Халықтың алдындағы жауапкершіліктің жүгі еселене түсті»,- деді мемлекет басшысы әңгіменің әлқиссасында. Адамзат баласының үрейін алған жаһандық індеттің үдеп бара жатқанын айтты. Қазақстан коронавирусқа қарсы ертерек қамданып, күресті күшейтіп, дер кезінде шара қолдануда. Инфекцияның жалқыдан жалпыға таралмауы үшін оқшаулау шаралары одан сайын қарқынды жүргізілмек.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Осы кеселмен күресте көптеген елдің жіберген қателіктері мен оңтайлы шешімдері бар. Солардың тәжірибесін ескере отырып өзіміздің медициналық жүйемізді кез-келген жағдайға сақадай сай қылуымыз қажет. Вирусқа қарсы бәрін қарық қылдық деп, босаңсуға болмайды. Елорда мен Алматыдағы карантиндік аумақтың қамалын күшейту маңызды тіпті жаяу кіріп шығуға мүмкіндік бермеу керек. Жақын арада халық тығыз орналасқан басқа да  елді-мекендерді жабуды анықтау қажет.

Төтенше жағдайдың талаптарын орындау әрбір азаматтың міндеті. Тәртіпке бағынбасаң жазадан құтылмайсың.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Ақмола, Атырау Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жалпыға ортақ ережені бұзған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды, ескерту алғандар да бар. Қауіпсіздік үшін енді санкцияны қатаңдатып әрбір фактіні ақпарат құралдары арқылы жариялау керек.

Қауіпсіздікті арттыру мақсатында енді еліміздегі барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылады. Осы ретте президент азаматтардың онлайн қызмет алуына барынша жағдай жасауды тапсырды. Тіпті егде жастағы адамдардың жұмысқа шығуы шектелмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Медициналық тәжірибе көрсеткендей бұл індет негізінен созылмалы ауруы бар егде жастағы адамдарға дендеп жатыр. Осы «тәуекел тобына» жататын яғни 55 жастан асқан адамдардың  жұмысқа шығуын барынша шектеп, үйде оқшаулау қажет.

Адам аяғы тиетін барлық орында санитарлық тазалық күшейеді. Кеселден қорғанудың жолдары жазылған жаднама үлестіріледі. Үйде отырған жастар мен оқушылардың онлайн білім алуын жан-жақты қамтамасыз ету тапсырылды. Құқық қорғау органдарына қоғамдық тыныштықты қырағы қадағалап, ұрлық-қарлыққа жол бермеуді ерекше ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Қазіргі жағдайда қылмыс өршімеуі тиіс. Сондықтан, полицияның барлық құрылымы қоғамдық қауіпсіздікке жұмылдырылуы керек. Осы жұмысқа әскер мен ұлттық ұланды тарту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын. Бас прокуратура мен Жоғары сот құқыққорғау мен қылмысқа қарсы күресті заңмен қамтамасыз етудің алгоритімін жедел әзірлеу қажет.

Мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы күресте күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға айрықша алғыс айтты және оларға сыйақы тағайындауды тапсырды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Үкімет пен әкімдіктерге коронавирусқа қарсы күрес шараларына тартылған дәрігерлерге, полицейлерге және басқа да мамандық иелеріне 1 айлық лауазымдық еңбекақысы көлемінде сыйақы беруді тапсырамын. 

«Қиын кезеңде халықтың тұрмысын төмендетпеу үшін барлық шараларды қабылдаймыз, ол үшін мемлекеттік бюджет пен ұлттық қордың қаражатын тиімді әрі жөнімен жұмсау қажет»,-  деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы ретте мемлекеттік комиссияға кешенді шаралар әзірлеуге екі күн уақыт берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Біріншіден төтенше жағдай кезеңінде қиындыққа тап болып дағдарыстың зардабын шеккен адамдардан бұған дейін айтылған несиелік қарыздардың өсімпұлдары мен айыппұлдарына салынған тыйымды есептемегенде, банктер негізгі қарыз мөлшері мен сыйақысын алуды тоқтата тұруы керек. Банктерден түсіністік танытуды күтемін. Қиын кезеңде көптеген азаматтар банктік емес ұйымдарға, яғни ломбардтарға, онлайн кредиторлар мен шағын қаржы ұйымдарына баруға мәжбүр болады. Сондықтан, осы салада тәртіп орнату керек. Азаматтардың алданып қалуына жол бермейміз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Бас прокуратура, Ақпарат және қоғамдық даму министрілігі заң талаптарының орындалуын қадағалау бойынша ауқымды акция өткізіп, заңды бұзғандарды әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында жариялау қажет. Әрбір азамат өзінің құқығының қорғалып жатқанын сезінуі тиіс.  

Төтенше жағдай енгізілгелі бері ондаған мың адам уақытша демалысқа шығып, екінші бөлігі қысқартуға ұшырауда. Тек Алматының өзінде кәсіпорындардың қызметкерлер саны 266 мың адамға қысқарған. Көптеген кәсіпкерлер қызметін тоқтатуға мәжбүр. Алдын ала есеп бойынша коронавирусқа қарсы шаралар 500 мыңға жуық адамның қаржылық ахуалына кері әсерін тигізген. Осы ретте президент табысынан айырылған жандарға жәрдемақы төлеуді тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған тұлғаларға ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінде яғни 42 500 теңге төлем жасауды тапсырамын. Мұндай көмекті кемінде 1,5 миллионнан астам адам алады. Қажет болса, соманы арттырып, қолдау түрлерін кеңейтуге барлық резервіміз бар. Мемлекеттік комиссияға төлемдердің тиімді және ашық тәртібін әзірлеуді тапсырамын.  

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі қиындықтарға қарамастан экономиканың барлық саласын тұралатпауды тапсырды. Керісінше дағдарыстың кесірінен әлсіреген салаларды анықтап, қажетті деңгейді қолдау жасалатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Жергілікті жерлердегі қолдаулар мен салық преференцияларын есепке алмағанда дағдарысқа қарсы шаралардың пакеті 4,4 триллион теңгені немесе 10 милллиард долларды құрайды.  Осы ауқымды қаражатты дұрыс әрі тиімді жұмсап біз бұл дағдарыстан жеңімпаз болып шығатынымызға ешқандай күмән жоқ.

Дәл осы дағдарыс кезеңінде шағын және орта бизнеске айрықша мән берілуде. Төтенше жағдай кезеңінде бизнестің несиесіне айыппұлдармен үстемақылар қосылмайды. Бұдан бөлек салықтың барлық түрінен үш айға босатылады. Қосымша құн салығының көлемін уақытша төмендету мәселесі де қарастырылмақ. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыруды 1 триллион теңгеге дейін өсті. Шағын және орта бизнесті несиелендіруге қосымша 600 миллиард теңге бөлінеді. Қолдау шараларының түпкі мақсаты халықты жұмыспен қамту, табысын арттыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Осындай жағдайда барлық мемлекеттік органдар жұмыла жұмыс жүргізуі керек.Бұл – береке-бірлігіміз сыналатын уақыт.Әрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, бірақ, екіншіден, бұл – мүмкіншілік.Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі нәрсе.Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болуымыз керек.Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін!

Президент атқарушы билікке мемлекеттік комиссияның отырысында айтылған тапсырмалардың мерзімді әлі сапалы орындалуын ескертті.

 

Тақырып бойынша материалдар

ДЕПУТАТТАР ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ КҮШЕЙТУДІ ҰСЫНДЫ
10:46, 24 қыркүйек 2020
ДЕПУТАТТАР ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ КҮШЕЙТУДІ...
Толығырақ...
ЕЛІМІЗДІҢ ЖАҢА БАС САНИТАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
20:17, 22 қыркүйек 2020
ЕЛІМІЗДІҢ ЖАҢА БАС САНИТАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Толығырақ...
ПРЕЗИДЕНТ Қ.ТОҚАЕВ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІН ҚАБЫЛДАДЫ
20:12, 22 қыркүйек 2020
ПРЕЗИДЕНТ Қ.ТОҚАЕВ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІН ҚАБЫЛДАДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАУЫ
20:23, 22 қыркүйек 2020
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАУЫ
Толығырақ...
ДЕПУТАТТАР ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ КҮШЕЙТУДІ ҰСЫНДЫ
10:46, 24 қыркүйек 2020
ДЕПУТАТТАР ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ КҮШЕЙТУДІ...
Толығырақ...