ШҰҒЫЛ! ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРАТЫН ЖЕДЕЛ ШАРАЛАР Толығырақ

Қ.ТОҚАЕВ РЕСМИ ТҮРДЕ ҚЫЗМЕТІНЕ КІРІСТІ

09:47, 13 маусым 2019

Жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті. Мемлекет басшысын ұлықтау салтанаты Нұр Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өтті. Осылайша Қасым Жомарт Тоқаев ата заңның 40 бабына сай елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындап, Қазақстан атынан өкілдік ететін ең жоғарғы лауазымды тұлға ретінде қызметке кірісті. Дулат Абибуллаев тәуелсіздік сарайындағы салтанатты жиынға қатысып келді.

Жиын тәуелсіздік сарайына көк ту мен ата заңды сән салтанатымен жеткізуден басталды.  Одан кейін межеленген уақытта қызыл кілеммен залға алдымен Елбасы, сосын жаңа сайланған президент келді.  Жиналған жұрт жаңа президентті тік тұрып қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев конституцияның 42 бабына сай халыққа ант берді.  Ант мәтіні ата заңда көрсетілген. Ол 32 сөзден тұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.

Ән ұран орындалған сәтте, Ақордада ту көтеріліп, зеңбректен 7 рет мерекелік оқ атылды. Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі міндетіне ресми түрде кірісті. Жаңа президент қызметтік сатының барлық кезеңінен өткен тұлға. Үкіметті басқарды, мемлекеттік хатшы, сыртқы істер министрі болды. Біріккен ұлттар ұйымы бас хатшысының орынбасары болып, аталған ұйымның Женевадағы өкілдігін басқарды. Жаңа сайланған президенттің ұлықтау рәсіміндегі сөз сөйлеуі – қай елде болмасын  салмақты мәлімдеме жасалатын мерейлі сәт. Қасым-Жомарт Тоқаев  өз сөзінде ең алдымен әділ сайлауда өзін жақтап дауыс берген халыққа алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі.

Жаңа президент қызметінде елбасы саясатын жалғап, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға, азаматтық қоғамды дамытуға күш салатынын айтты. Ол үшін  сайлауалды бағдарламада жазылған он басымдық жүзеге асады. Алдымен  халықтың табысын арттыру. Ол үшін жуырда үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, нақты міндеттер жүктеледі. Екінші сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл індетті жою үшін алдағы екі жарым айда жаңа реформалар қабылданады.Үшінші басымдық – заң үстемдігі. Сот пен құқық қорғау саласының жұмысы қайта қаралады. Одан кейінгі бағыт  - жаңа жұмыс оырндарын ашу.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Төртінші бағыт – жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақыменқамту. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен, келешегі зор мақсаттарға жәнежаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет.

Сондай-ақ президент мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін артыратын заң қабылданатынын, өңірлерді дамытудың жаңа бағдарламасы жасақталатынын айтты. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды ұлықтау үшін  рухани жаңғыру бағдарламасы қарқын алып, халықаралық қатынас мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұған дейін айтылғандай  президенттік жастар резерві жасақталады.  Мемлекет басшысы қоғамдағы өзекті мәселелерден хабардар екенін аңғартып, оны шешуге мүдделі екенін мәлімдеді. Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Сондықтан ортақ мерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет. Тарихи шара тәуелсіздік сарайының алдындағы тағы бір салатантты рәсіммен аяқталды. Жаңа сайланған Қазақстан президенті, бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштердің шеруін қабылдады.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ  

Тақырып бойынша материалдар

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
18:36, 12 шілде 2019
МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
18:47, 18 шілде 2019
ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
Толығырақ...