ШҰҒЫЛ! 31-ТАМЫЗДАН БАСТАП БІРНЕШЕ НЫСАН ҚАЛЫПТЫ ЖҰМЫСЫНА ҚАЙТА КІРІСЕДІ Толығырақ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

11:41, 16 қаңтар 2020

«Ең алдымен, туған еліңді шексіз қадірлеу, оған адал қызмет ету. Табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізу керек. Бұл – ұлтты жаңғырту үшін аса маңызды». Бүгін Ақордада Президенттік жастар кадрлық резервіне енген 300 жаспен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, осыны айтты.

Жастарға үлкен жауапкершілік жүктеді, бағыт-бағдар берді және мемлекетті басқарудың жаңа моделін ұсынды. Бұл – ұлт болашағы аманатталатын жастар. Түр-тұлғасы бөлек, парасат-пайымы ерек жүзден жүйріктер. Абайша айтсақ, нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректі жас буын. Сондықтан да, олар Президенттік жастар кадрлық резервіне енді. 13 мың үміткерден суырылып шыққан 300-і бүгін Мемлекет басшысымен кездесті.

Ринат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының қаржы директоры:

Кадрлық резервке қатысу мен үшін орынды қадам болды. Құрметті Президент мырза, халқымыздың жарқын болашағы үшін қызмет етуге мүмкіндік берген Отанымызға Мыңда бір алғыс. Кадрлық резервті құрып,бізге сенім артқаныңыз үшін үлкен рақмет. Біз сеніміңізді ақтаймыз деп уәде береміз.

Мінберде ұшқыр ойын білдіріп, нық сөйлеген жасты Қасым-Жомарт Тоқаев, әзілмен қағытты. Мұнда осал адам жоқ. Бәрінің деңгейі жоғары. Қазіргі жедел өзгерістерге толы жаһандық сын-қатерлерге жауап бере алатын кіл мықтылар. Мемлекетті басқару жүйесіндегі басты талап та осы.  Себебі, қазір әлем тыныш емес. Елдер арасындағы саяси қақтығыстар, сауда соғыстары дүние дидарын күн сайын емес, сағат санап өзгертуде. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен біз ең қиын жағдайларда өзінің тиімділігін бірнеше рет дәлелдеген мемлекеттік басқару жүйесін құрдық. Бірақ қазіргі заман сынақтары оны үздіксіз дамытып, жетілдіріп отырудың қажеттілігін айтады. Осы ретте, ең алдымен менеджменттің алдыңғы қатарлы жүйелерін енгізу арқылы жетістікке жететін жетекші технологиялық компаниялар жақсы үлгі көрсетті.

Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – азаматтарының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын жақсарту. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев, мемлекетті басқарудың жаңа моделін енгізуді ұсынды. Шетел тәжірибесіндегі икемділік пен ептілікті алға тартқан Президент, Қазақстанға қоғам қажеттіліктеріне сай, тиімді және әділетті жаңа басқару үлгісі қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Осы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны біртіндеп азаяды. Босаған қаражат ең пайдалы жұмысшыларды материалдық ынталандыруға жұмсалады. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметкерлердің және олармен бірге ұлттық компаниялардың қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту жоспарлануда. Бұл механикалық түрде емес, функционалды қайта қарау нәтижесінде болады. Яғни,  мемлекеттік органдарға, аутсорсингке немесе азаматтық қоғамға тән емес функцияларды қысқарту. 

Мемлекеттік қызмет – мәртебе емес, халыққа жан-тәніңмен қызмет ету. Ашық, әдепті, әділ болу. Әр адамның үнін есту, ел игілігі үшін қабылданатын маңызды шешімге қатыстыру және халықтан түскен арыз-шағымға жедел жауап беру. Ал, жоғары лауазым – халықтан биік емес, халықтың бөлігі. Бірақ, билік басындағылар мұны жиі естен шығаратыны бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Ескі әдіс елдің жаңғыру процестеріне кедергі келтіреді. Сондай проблемалардың бірі – командамен көшу.  Министр немесе әкімді ауысса, кадр құрамы да өзгереді. Басқарушылар санына қатысты стандарттар жоқ. Меритократия қағидалары сақталмайды. Бармақ басты, көз қысты әрекеттер әлі де бар. Бұл – жұмыстың берекесін кетіреді. Соңғы жылдары мемлекеттік аппаратта 500-ден астам өзгерістер болды. Үнемі бола берген қайта ұйымдастыру мамандардың кетуіне түрткі болды. Соның салдарынан сабақтастық үзіліп, бұл мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігіне әсерін тигізді.

Демек, мемлекеттік қызметті жаңартып, басшылардың жаңа буынына жол ашу қажет. Яғни, заманның үні, ойы мен талабынан шығатын жас көшбасшыларды жұмылдыру және жастарды ынталандыру, мансаптық жолда өсуіне мүмкіндік беру. Мемлекетті басқарудың жаңа моделі мен Президенттік кадр резервін түзудің түпкі миссиясы да осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Бүгінгі жастар мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Елді дамытуға қатысты тың жұмыстар күтеміз. Жауапты қызметке жібереміз. Қазірдің өзінде резервке өткен 55 азамат жаңа қызметке бекітілді. Соның ішінде кейбірі орталық мемлекеттік органдардағы басшылық лауазымға тағайындалды. Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Биыл резервтегі 100 адамды қызметке тағайындауды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз сіздерді лауазымды қызметке тағайындау ғана деп ойламаңыздар. Бұл – елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба.

Білім алу, тіл үйрену, бәсекеге қабілетті болу, ұлтқа адал қызмет ету және Отаныңды Абайша сүю. Осы құнды қасиеттерді бойына жинақтаған саналы ұрпақ қана, ұлтты жаңғыртып, жаңа белеске көтермек. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев, елдік мүддеге қатысты әрбір істе, жас буынды Абайдың ғибратты ғұмыры мен мол мұрасынан үлгі-өнеге алуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Ұлы ойшыл жастарымызды білім мен ғылым игеруге, өнер мен тіл үйренуге, адал еңбек етуге шақырды. Абайдың «Толық адам» тұжырымы өміріміздің кез-келген саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Мұның бәрі интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін қажет.

Талантты жастарды мемлекет әрдайым қолдауға дайын. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Демек, жастар алмайтын қамал, бағындырмас биік жоқ. Президенттің жастарға сенімі бұл. Ал, білікті менеджер болуға қабілетті және креативті жастарды жасақтау мұнымен тоқтамақ емес. Жас келсе іске. Жастарға жауапкершілік жүктелді. Президенттің әр сөзін мұқият тыңдаған олар, сенімге селкеу түсірмей, елдің өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсайтындарын жеткізді.

 

Тақырып бойынша материалдар

ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН РЕТТЕУДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ОРНАТУ МАҢЫЗДЫ
18:47, 27 қыркүйек 2020
ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН РЕТТЕУДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ОРНАТУ МАҢ...
Толығырақ...
ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ТОПТАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ САҚТАЛАДЫ
18:44, 27 қыркүйек 2020
ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ТОПТАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ САҚТАЛАДЫ
Толығырақ...
ЕЛБАСЫ МАҢҒЫСТАУДЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
18:27, 27 қыркүйек 2020
ЕЛБАСЫ МАҢҒЫСТАУДЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ДЕПУТАТТАР ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ КҮШЕЙТУДІ ҰСЫНДЫ
10:46, 24 қыркүйек 2020
ДЕПУТАТТАР ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ КҮШЕЙТУДІ...
Толығырақ...