ШҰҒЫЛ! ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРАТЫН ЖЕДЕЛ ШАРАЛАР Толығырақ

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРАТЫН ЖЕДЕЛ ШАРАЛАР

22:02, 26 маусым 2019

Ақордадан келіп жеткен келесі ақжолтай хабар көпбалалы, жағдайы төмен отбасылар мен мүгедектерді марқайтатыны сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы күнге дейін болмаған әлеуметтік көмек көрсету туралы теңдессіз шешім қабылдады. Мемлекет басшысы «ҚР азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойды. «Бұл берешекке белшеден батқан талай отбасының жүгі жеңілдейді» деген сөз.

Президенттің мұндай шешім қабылдауына кепілсіз тұтыну несиелерін өтей алмай жүрген азаматтардан өтініш көп түсуі түрткі болған. Қарызға батқан отбасылардың табысы да төмендейтіні анық. Еліміздегі 500 мыңға жуық несие алушы берешекке белшеден батып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Мемлекет басшысы ретінде, әрине, мен азаматтардың қарыздарынан құтыла алмай жүргеніне бей-жай қарай алмаймын. Сондықтан мен Үкімет пен Ұлттық банкке бір реттік акция ретінде шаралар қабылдауды тапсырдым.

Осы күнге дейін берілген  несиелердің 86%-ызының мөлшері 1 млн теңгеден аспайды. Қарыздардың орташа мөлшері – 300 мың теңге. Ал жәрдемге ілігетіндерге қойылатын талаптар мынадай: биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 млн. теңгеден аспауы тиіс.  Мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтеп береді. Сондай-ақ 2019 ж. 1 шілдесіне дейінгі банктер мен шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар азаматтардың айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілетін болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Несие алғандардың 55%-ы, яғни 250 мың адам үшін бұл негізгі несие мен сыйақыны қоса алғанда жалпы қарыз көлемін тұтастай төлеу дегенді білдіреді. Қалған несие алған азаматтардың  қарыздары 300 мың теңге мөлшерінде өтеледі. Бұл олардың төлеу қабілеттілігін қалпына келтіруге және қарыз жүктемесін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізеді.

Тілші: Ал әл-ауқаты онсыз да төмен отбасылардың жағдайын одан әрі нашарлатпау үшін президент табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев несиені өтеуге қауқарсыз азаматтарға қарыз беріп, тәуекелге баратын қаржы ұйымдарының да жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Мемлекет басшысының тағы бір шешімі әлеуметтің әлін де, көңілін де көтерітіні анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Осы жылдың соңына дейін 300 мыңнан астам жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды қызметке орналастыру, оның ішінде "Бастау бизнес" және "Жас кәсіпкер" бағдарламалары аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды тапсырамын.

Атаулы әлеуметтік көмекті берудің де тиімділігін арттыру, кәсіпкерлерді ынталандыру үшін ұзақмерзімді неиселер беру, аз қамтылған отбасылардың балаларына 5 мың білім грантын бөлу. Президенттің жағымды жаңалығы көп-ақ. Ал жастарды жұмысшы мамандықтарға көбірек тарту үшін осы саланы таңдаған студенттердің шәкіртақысы бірінші қыркүйектен бастап отыз пайызға өсетін болды. Мемлекет тізгініне келе сала әлеуметтік мәселелерге мән берген президент шұғыл шаралар халықтың хәлін жақсартатынына сенім білдірді. «Батпан құйрыққа» батқан азаматтарды көбейтпей, халықты тоқшылыққа  жеткізу – Тоқаевтың басты ұстанымы.

 

Альбина ӘШІМ, ПТРКК

Тақырып бойынша материалдар

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
18:36, 12 шілде 2019
МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
18:47, 18 шілде 2019
ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
Толығырақ...