ШҰҒЫЛ! 200 ТЕҢГЕЛІК МОНЕТА ШЫҚТЫ Толығырақ

"BIRGEMIZ" ФРОНТ-ОФИСЫ АШЫЛДЫ

10:03, 13 ақпан 2020

Енді елімізде волонтерлардың еңбегі еленеді. Бұдан былай олардың жұмысы еңбек өтілі ретінде есептеледі. «Біргеміз» республикалық фронт-офисінің ашылуына келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерларға мемлекет таратыпан көрсетілетін қолдауды айтты. Ал, сондай адал қызмет жасап жүргендердің жолына тұрғандарға жаза қатаң екенін ескертті.

Гүлмира екі аяғы мен бір қолынан айырылған. Бірақ, оған біреу емес, керісінше ол көпке көмектесіп жүр. Әрі істеген ісін бұлдамайды. 

Гүлмирам Сражова, Ақтөбе қаласындағы волонтерлық клуб мүшесі: 

Волонтерлардың қызметі тегін. Және сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының қызметі тегін жүзеге асырылады. Біздің қағидамыз қаражат жинау емес. Шынай түрде көмекті ұйымдастыру. Мүгедек адамдарға деген қоғамның көзқарасын өзгертуге күш салып жатырмыз.

Бүгінгі шараға жиналғандардың бәрі осындай. Олар ең алдымен елдің игілігі үшін қызмет етіп жүр.

Бақытжан Дүкенбай, Түркістан қаласындағы волонтерлық клуб мүшесі: 

Кезінде ата-бабаларымыз мына туған жерімізді ешкімнен ақы сұрамай-ақ қорғады. Ал енді бүгінгі буын бейбітшілік таңда ерікті түрде еліміздің гүлденуіне ақысыз қосса одан жастарымыздың ештеңесі кетпейді. Қайта тәжірибе жинайды, болашаққа өте өнегелі үлгі қалдырады деп сенемін. 

Бұл ізгіліктің нұры төгілген бірнеше мысал ғана. Осындай қайырымдылықтың көшіне ілескен істердің қатарын көбейту үшін Президент биыл волонтерлар жылын жариялады. Өйткені, қазір елімізде қарекет етіп, көпке берекет жасап жатқандардың ресми саны 16 мың. Оларды біріктіріп отырған ұйымдардын қатары 200-ден сәл асады. Ал Франция халқының тең жарымы – волонтер. Бізге де қатарын көбейту керек-ақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Қазірдің өзінде жер бетінде 1 млрд-қа жуық адам волонтерлікпен айналысады. 1 млрд адам! Бізде қанша? 16 мың. Аз. 100 мыңға дейін бұл деңгейде көтеруге болады.

Ал, осы салада белсенді қызмет етіп жүргендердің қатары 50 мың. Бірақ олардың көбі ресми тіркелмеген. Енді олар бүгін ашылған фронт-офисқа келіп, есепке тұруларына болады. Әрі мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылады. 

Дәурен Абаев, ҚР  ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Мың белсенді қатысып жүрген. Ал 16 мың тіркелген адамдардың саны. Волонтер болып жүрген азаматтардың санын 1 млн астам адамға жеткіземіз деген сенім бар. Ал тіркелгендердің санын 50 мың қыламыз.

Волонтер жылы кезекті науқан болып қалмауы тиіс. Қазақстандықтардың өмір салтына айналуы керек деді Президент. Ал волонтерлық жас таңдамайды. Көпке көмегін тигізіп жүргендердің арасында егде адамдар да жетеді.  

Бірлікбай Ордабаев, Теміртау қаласындағы волонтерлық клуб мүшесі:

Еріктілер қатарындағы қызмет ең бастысы маған өзім үшін. Бұл - қозғалыс, қимыл, әрекет. Менің өзімнің көңіл күйім. Еріктілер қызметінсіз өмірімді басқаша болуын қаламаймын. Өзіме жақсы, ал істеген ісім қоғамға, елге жақсы.  

Қамқорлық қазақта әуелден бар. Асар жасап, зекет беріп, халықтың мұң-мұқтажына, қажетіне көп болып қауымдасып үлес қосады. Қазір де солай. Енді мұндай жандарға мемлекеттен қолдау күшейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Еріктілерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Менің тапсырмам бойынша оларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Мысалы, енді волонтерлық жұмыс еңбек өтіліп болып есептеледі. Сондай-ақ, волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі. Немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі. Осы салада жұмыс істейтін ҮЕҰ да қаржылай көмек беріледі. Осыған орай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болады.

Бұдан бөлек, Президент әкімдіктерге қосымша гранттар бөлуді тапсырды. Ал ең бастысы еңбегімен ерекшеленген волонтерлар мемлекеттік наградаларға ұсынылады. Бірақ, кейде волонтер атын жамылғандар қамқорлыққа қиянат жасап жатады. Жақында осындай жағдай Ақтөбеде орын алды. Көршісін құтқарамын деп, өзі өртке оранған Артем есімді азаматтың еміне жиналған ақшаны алаяқтар қолды еткен. Президент қайырымдылық қаржысына қол сұғып, волонтер атына кір келтіргендерге жазаның қатаң екенін тағы да еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Өзгелердің мүлкін тонап, олардың өміріне қауіп төндірген азаматтар ешқашан халқымыздың патриоты бола аламайды. Ондай адамдар заңды өрескел бұзған қылмыскерлер. Олар заң алдында жауап беруі тиіс.

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар