ШҰҒЫЛ! 31-ТАМЫЗДАН БАСТАП БІРНЕШЕ НЫСАН ҚАЛЫПТЫ ЖҰМЫСЫНА ҚАЙТА КІРІСЕДІ Толығырақ

АЙМАҚ БАСШЫСЫНЫҢ ЖҰМЫС САПАРЫ

10:28, 3 қыркүйек 2020

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов Тереңкөл және Железин аудандарына жұмыс сапарымен барып қайтты. Елді-мекендегі егін жинау науқаны мен су жүйесінің дайындығымен танысты.

Тереңкөл ауданында Әбілқайыр Сқақов бірнеше шаруа қожалықтарының – «Лысов» ШҚ, «Алекпаров» ШҚ, «Алтай» ШҚ, «Команов» ШҚ және «Вильгельм» ШҚ алқаптарында болды. Фермерлердің көпшілігі осы жазда жауын-шашынның жоқтығына қынжылып, дәл осы фактор егін көлеміне әсер еткенін атап өтті. Бүгінгі таңда жергілікті диқандар бір гектардан 10 центнерге дейін өнім жинап жатыр. Алайда, шаруалардың айтуынша, олар бидайды тартымды бағамен сату мүмкіндігіне ие. Облыс әкімі қолда бар астықты сақтап қалу қажеттігіне назар аударды. - Жұмыстарды агротехникалық мерзімде атқарып үлгеру маңызды.  Ең бастысы-егіннің сапасын қамтамасыз ету, бидайды уақытында жинап, кептіру, астықты сақтау ережелерін сақтау.- деді аймақ басшысы.

«Алекпаров» шаруа қожалығының алқаптарында Әбілқайыр Сқақов кәсіпорынның механизаторы Александр Кучуркинмен сөйлесті. Ол аталмыш шаруа қожалығында 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді және «John Deere» егін жинау кешенін басқарады. Өкінішке орай, ауылда заманауи комбайндармен жұмыс істей алатын механизаторлар жетіспейді. Облыс әкімі механизаторларды даярлау және қайта даярлау облыстағы техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың бір бағыты болуы мүмкін екенін атап өтті.

Өңір басшысы Львовка ауылында жергілікті «Вильгельм» шаруа қожалығының есебінен салынған балабақшаға барды. Жобаның құны меценатқа 40 миллион теңгеге түсті. Бүгінде 30 балаға арналған бөбекжайға ауылдың 2-ден 5 жасқа дейінгі 24 баласы барады. Сондай-ақ кәсіпкер Александр Вильгельм ауылда тұрып қалған ғимаратты қайта қалпына келтіріп, қонақ үй кешенін ашты.

Байқоныс ауылында Әбілқайыр Сқақов мәдениет үйінде болды. Биылғы жылы мұнда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жүргізілді. Ауыл тұрғындары жөндеу сапасына риза екендіктерін айтты. Облыс әкімі құрылысшылар мен мемлекеттік органдардың жұмысына тұрғындар баға беруі тиіс екенін еске салды. Өңір басшысы сондай-ақ «Иларбек» шаруа қожалығының шұжық өнімдерін өндіретін жергілікті цехында болды. Мұнда 80-ге жуық өнім шығарылып, бүкіл облыс бойынша жеткізіледі.

Тереңкөл ауылында Әбілқайыр Сқақов балалар, оқушылар үйінде, музыка мектебінде және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Аудан әкімі Ернұр Айткенов аудан орталығында биыл 20 көше жөнделгенін айтты. Ауылда үш шақырымнан аспайтын ауылішілік көшелерді абаттандыру қалды. Келесі жылы оларды аудандық бюджет есебінен жөндеуге уәде берген екен.

Қызылтаң ауылында өңір басшысы су құбырының құрылысын тексерді. Орталық сумен жабдықтауға барлық 107 ауланың тұрғындары қосылуға дайын. Алайда, құжаттамаға сәйкес, жоба келесі жылы, су тазарту станциясы орнатылған соң ғана аяқталу керек. Әбілқайыр Сқақов ауыл үшін өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың мұндай жоспарлауын сынға алды.
Железин ауданының Башмачное ауылында да осындай жағдай орын алды. Мұнда су құбырын салу жобасы 13 айға есептелген. Мердігер нысанды биылғы жылы тапсыруға дайын, бірақ оған деген қаражат келесі жылға ғана жоспарланған. Өңір басшысы жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Жаңа су құбырынан басқа Башмачныйда жаңартылған мәдениет үйінің ашылуы күтілуде.

Башмачное-Озерное тас жолында Железин ауданының басшысы Қанат Қашкиров жол төсемінің жөнделуі туралы баяндады. Ауыл тұрғындары бірнеше рет шағымданған проблемалық учаске бүгінде суық ресайклинг технологиясы бойынша абаттандырылуда. Бұл жолдың беріктігі мен сақталуын қамтамасыз етуі керек.

Уәлиханов ауылында Әбілқайыр Сқақовқа тағы бір жобаның жүзеге асырылуы туралы баяндалды. 150-ден астам жеке аулалар мен нысандарды орталық сумен қамтамасыз ететін су құбырын іске қосу-реттеу қазан айының басына жоспарлануда. Қараша айының ортасында ауыл тұрғындары сапалы ауыз су алады деп күтілуде. Уәлиханов тұрғындары облыс әкімінен басқа мәселені шешуді сұрады - жергілікті фельдшерлік-акушерлік пунктте медицина қызметкері жоқ. Алдыңғы медицина қызметкері өткен жылдың соңында зейнетке шықты. Өңір басшысы бұл мәселені бір айлық мерзімде шешуді тапсырды.

Железин ауылында Әбілқайыр Сқақов үшінші жыл жұмыс істеп келе жатқан «Кукузов» ЖК-нің жол бойындағы кешеніне кірді және «Витковский» ЖК шұжық цехының жұмыскерлерімен сөйлесті. Сондай - ақ әкім өткен жылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілген аудандық мәдениет үйінде болды. Мәжіліс залында өңір басшысы жергілікті волонтерлермен және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:

Біз биылғы жылы еріктілердің қандай үлкен еңбек атқарғанын көріп отырмыз. Бұл біздің зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және әлеуметтік осал топтарға көрсетілген көмек. Сіздердің қатарларыңыз тек толықтырылып, біздің облыста еріктілер қозғалысы одан әрі дами береді деп үміттенемін.

Железин ауданында Әбілқайыр Сқақов бірнеше шаруа қожалықтарының – «Agro Capital» ЖШС, «Алтын жер» ШҚ және «Пахарь» ШҚ алқаптарында болды. Жергілікті фермерлер де осы жазда жаңбырдың болмағанына назар аударды. Қазір мұнда ауыл шаруашылығы өндірушілері бір гектардан 11 центнерге дейін бидай алады. «Agro Capital» ЖШС-де дәнді дақылдардан басқа, суармалы жерлерде картоп өсіріледі. Компания қазірдің өзінде танымал бөлшек сауда желісіне шамамен 5 мың тонна картоп жеткізу келісімшартына ие. Облыс әкімі жергілікті картоп өсірушілерге маусымаралық кезеңде - қаңтардан сәуірге дейін ішкі нарық үшін қажетті сапалы өнім көлемін сақтау қажет екенін атап өтті.

 

Аяулым РАХЫМЖАНОВА

Тақырып бойынша материалдар

БИЗНЕС САЛАСЫНДАҒЫ КОРОНА-КРИЗИС: ШЕШУ ЖОЛДАРЫ
19:02, 27 қыркүйек 2020
БИЗНЕС САЛАСЫНДАҒЫ КОРОНА-КРИЗИС: ШЕШУ ЖОЛДАРЫ
Толығырақ...
БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ ОРНАТЫЛДЫ
17:27, 27 қыркүйек 2020
БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ ОРНАТЫЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар