ШҰҒЫЛ! 31-ТАМЫЗДАН БАСТАП БІРНЕШЕ НЫСАН ҚАЛЫПТЫ ЖҰМЫСЫНА ҚАЙТА КІРІСЕДІ Толығырақ

ҚАЛАҒА ҚАСҚЫР КІРГЕНІ РАС ПА?

13:09, 26 қаңтар 2020

Апта бойы Павлодарлықтар үрейден арыла алмай жатыр. Анда қасқыр, мында қасқыр. Қораға ит-құс түсіп малды жайғап кетіпті, деген ақпарат желдей еседі. Ал, кеше ғана Ленин кенті мен Павлодар қаласында жыртқыш аң мектеп маңын кезіп жүр деген дәлелденбеген ақпарат жұрттың төбе шашын тік тұрғызды.

Бір апта болды, павлодарлықтарды қасқыр елесі кезіп жүр. Өткен демалыс күндері Ақсу кентіне ит-құстың күндізгі уақытта бейқам серуен салып жүргені шындық оқиға. Оны тиісті орган мамандары атып алған. Ресми түрде мәлімдемегенімен ол қасқырдың қолдағы асыранды екені анық. Өйткені, түз тағысы адамзат алдында өзін соншалықты еркін ұстай алмайды.

Владимир Перескоков, облыстық орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы: 

Видеодан көргеніміздей, жанынан сөмкесі бар әйел адам өтіп бара жатса, қасқыр сескенбей қарап тұр. Бұл енді қасқырға тән мінез емес. Шамасы оны узақ уақыт қолда ұстаған болуы керек. Оны сараптама анықтайтын болады. Жыртқыштың өлексесі сараптамаға жіберілді. Жеген тамағын тексеретін болады.  

Бұдан кейін Ленин кенті мен Спутник станциясы арасында теміржол бойында үш қасқырдың өлексесі табылды. Мамандар, оппа қардан қашып теміржол бойына шығып кеткен екі бөлтірігі мен қаншық қасқыр деген. Одан кейін Шарбақты ауданында бір тұрғын қорасына қасқыр түскенін хабарлады. Ал, кеше Ленин кентінің тұрғындары аяғынан тік тұрды. Белгісіз біреу алаң елеңде қасқырға ұқсас хайуанды көріпті.

Татьяна Зинченко, Ленин кенті әкімінің орынбасары:

Кент аумағына жыртқыш аңның кіріп кетті деген дерек анықталмады. Тұрғындар тарапынан ешқандай  арыз-шағым болған жоқ. Біздің мамандар төңіректің бәрін шарлап шықты, ешқандай қасқыр ізі табылмады.

Ал, ауыл тұрғындары ұзын құлақтан естіген алып-қашпа әңгімелерді бірінен бірі асырып айтып жүр. Биыл қар көп түскендіктен даладан қорек таба алмаған аш қасқарлар ауылға кіріп кетуі мүмкін деген күдіктері де жоқ емес, ауылдықтарды.

Серік Жатақбаев, Ленин кентінің тұрғыны

Ол қасқыр пайда болғаны мен ойлаймын мынау биыл қар көп, қардың астынан қорек таба алмаған соң амалсыздан ауылға кірдіме деп солай ойлаймын. Бұрын болмайтынды. 

Соңғы кездері ит-құс туралы дақпырттардың көбейіп кеткені сонша, кейбір тұрғындардың түсіне де кіретін болған. Бәлкім қорыққанға қос көрінеді деген осы шығар.

ауыл тұрғыны:

Түсіме кіріп жатыр қасқыр. Үйде бір лақтарым бар тұғын, көшеде жүретін күні бойы. Сол қасқыр лағымды тығып алыпты, есігіне қарай терезеден қарасам қасқыр тұр, ит емес. Сосын әйеліме айтамын қасқыр келіпті деп терезені тарсылдаттым кет деп, келіншегім екеміз шығып қарасақ қасқыр жоқ түсім екен.

Ауылдарды былай қойып, қаланың қақ ортасында қасқыр кезіп жүр, деген қауесет жергілікті биліктің де екі аяғын бір етікке тықты. Екі күннен бері шаһар маңын шарлап аңдыған мамандар, ешқандай жыртқыштың белгісін байқамадық дейді.

Нұрлан Сейілханов, Павлодар қалалық ветеринарлық қызмет бөлімінің басшысы:

Қасқырдың ізі жоқ. Бұл жалған хабар деп айтамын. Өйткені, бүгінгі күні міне таңғы сағат төрттен барып қарадық. Сол айналасын шеткі аймақтарды, қасқыр жоқ. Сондықтан да қазір ендігі уақытта оны бақылаудан алмаймыз.

Қалай дегенмен де, түз тағысының елді мекенге еніп кетуіне себеп боларлық бірнеше фактор бар. Сондықтан, жергілікті аңшыларға қасқыр көрген жерде атуға рұқсат берілген. Әйтсе де, әлуметтік желіде таралып жатқан дәйексіз ақпараттарға даурығып, дүрлігудің қажет жоқ екенін айтады, мамандар.

 

Есенбек САНАТҰЛЫ

 

Тақырып бойынша материалдар

ЖҰМЫСШЫ КОМБАЙННЫҢ АСТЫНА ТҮСІП ҚАЛДЫ
21:54, 15 қыркүйек 2020
ЖҰМЫСШЫ КОМБАЙННЫҢ АСТЫНА ТҮСІП ҚАЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАУЫ
20:23, 22 қыркүйек 2020
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАУЫ
Толығырақ...