ШҰҒЫЛ! КУТУЗОВ КӨШЕСІНІҢ АТАУЫН ӨЗГЕРТУДІ ДЕПУТАТТАР БІРАУЫЗДАН ҚОЛДАДЫ Толығырақ

Успен ауданында іскер әйелдер көбейіп келеді.

17:31, 12 наурыз 2018

Іскерлікке әркімнің-ақ бар таласы! Успенка ауданында бизнес әлемінің қыр-сырын меңгеруге талпынған нәзік жан өкілдерінің қатары артып келеді. Бұған жергілікті жерде құрылған іскер әйелдер кеңесінің де оң ықпалы бар. Жаңашыл қыз-келіншектердің үкілі үміттерін ақтауда Елбасының үндеуіндегі «Шағын несие беруді көбейту» атты бастама пәрмен беріп отыр.

Успенка ауданы орталығының өзінде қазіргі  халық саны – 3000 ға жуықтайды. Бұл демографиялық көрсеткіштердің соңғы жылдары сәл төмендегенін байқатады. Мұның бірнеше себебі бар.  Тұрғындардың біраз бөлігі  көршілес РФ-на, Павлодар, Астана қалаларына қоныс аударуды қош көріпті. Бұл әрине жергілікті жердің экономикалық жағдайына да әсер етеді. Десе де  өткен жылы Үкіметтің арнайы бағдарламасы негізінде оңтүстік өңірлерден 30-ға жуық отбасы көшіп келген.  

ӘСЕЛ  БИЖАНОВА -  Успенка аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры

Оңтүстіктен келген ағайындарымыз Қаратай, Ольгино ауылдарына орналасты.  Бұл азаматтардың көбіне-көп өз кәсібін ашамын деген ынтамен келетіні қуантады. Жеміс -жидек, мал өсіргісі келеді. Бұл бізге де керек жобалар. Жер телімі бөлініп берілді. Бұрынғы скважина тартылған елді мекендер маңында осындай жобаларды жандандыру жоспарда бар. Тандыр нан пісіру туралы да жобаны құп көріп отырмыз. Жаңашыл жобаларға қолдау жасауға тырысамыз.

Ауданда барлығы 600 кәсіпкерлік субьектісі болса, оның 15 проценті ғана әйелдердің  үлесінде. Алайда, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға өскендігі де көңілге медеу. А/ш кооперативтерінде бұған дейін ер-азаматтардың үлесі басым болса, былтыр  екі нәзік жан иесінің ет-сүт бағытында өз ісін ашқаны жағымды үрдістің бастауы болса керек. 

ӘСЕЛ  БИЖАНОВА -  Успенка аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры

12 ауыл шаруашылық кооперативі болса, екеуін әйел адамдар басқарады. Кәсіпкерлер палатасы арқылы тегін кеңес алды. Біреуі былтыр субсидияға да қол жеткізді. Іскер жандар әкімшілік кедергілер, жер қатынастары, субсидия бойынша да мәселе көтерген болатын. Барлығы да қазіргі күні ойдағыдай шешімін тапты.

Іскер әйелдер кеңесінің құрылуы да өз жемісін беруде. Кәсібін енді бастап жатқаны болсын, бизнесте қанаты қатайғаны болсын дөңгелек үстел басында айтар ойы, қосар пікірі бар әрқайсысының. Гүлнара Нұрмұхамбетованың жасы 25-те. Ақпараттық технология мамандығын игерген. 6-7 жыл үкіметке жұмыс істеп, осы саланы жетік меңгеріп алды, енді өз кәсібімді ашатын кез келді дейді нық сеніммен.   

ГҮЛНАРА  НҰРМҰХАМБЕТОВА – жеке кәсіпкер

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніме 1 ай болды. Баннерлер дайындаумен шұғылданатын боламын. Алдын ала зерттеп білгенімдей, аудан орталығында баннер дайындаумен шұғылданатын фирманың тапсырысы өте көп, үнемі үлгере алмай жатады. Ал мен уақытылы, сапалы өнім дайындап беретін боламын. Бұған қосымша құрылыс жұмыстарымен де айналысамын.

Елді мекенде жол бойындағы сервисті көтеру, қоғамдық тамақтану орындарын көптеп ашу, өңдеу өнеркәсібін дамыту тәрізді жобаларға сұраныс жоғары, дейді  15 жылға жуық сауда саласының көрігін қыздырған бесаспап маман, аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы - Маржан Әлкеева.

МАРЖАН  ӘЛКЕЕВА -  жеке  кәсіпкер

Ауыл тұрғындары үйлену тойлары, мерейтойларды атап өту үшін облыс орталығындағы мейрамханаларды жалға алып жатады. Сұраныс жоғары.  Сондықтан кәсіптің осы түрін елдегі қыз-келіншектер еш жасқанбай бастауына болады. Ендігі жерде өзім де осы істі қосымша алып жүруге бел буып отырмын. Әрі «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде кәсіпкерліктің өркен жаюына барынша жағдай жасалатындығы туралы айтылды. Бұл біздер үшін үлкен қолдау!

Филиал арқылы өткен жылы 515 клиентке 1000 ға жуық қызмет түрі көрсетілген. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы»  негізінде 38 жоба ұсынылса, оның 8-і қолдауға ие болды.

Тақырып бойынша материалдар

«АТАМЕКЕН» ҰКП ТӨРАЛҚА ТӨРАҒАСЫ ПАВЛОДАРДА БОЛДЫ
10:12, 15 маусым 2018
«АТАМЕКЕН» ҰКП ТӨРАЛҚА ТӨРАҒАСЫ ПАВЛОДАРДА БОЛДЫ
Толығырақ...
ЦИФРЛАНДЫРУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ БЕКІТІЛДІ
10:16, 13 маусым 2018
ЦИФРЛАНДЫРУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ БЕКІТІЛДІ
Толығырақ...
БІРІНШІ ТОҚСАНДА 420 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ
15:49, 12 маусым 2018
БІРІНШІ ТОҚСАНДА 420 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ЕРТІС ӨЗЕНІНДЕ ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ
11:02, 19 маусым 2018
ЕРТІС ӨЗЕНІНДЕ ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ
Толығырақ...
«МЕН ҚАЗАҚПЫН» МЕГАЖОБАСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ
11:30, 19 маусым 2018
«МЕН ҚАЗАҚПЫН» МЕГАЖОБАСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛД...
Толығырақ...