ШҰҒЫЛ! 5 ШІЛДЕДЕН БАСТАП ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ ЕНГІЗІЛЕДІ Толығырақ

КІТАПХАНАДАҒЫ АБАЙ КЕШІ

11:59, 31 қаңтар 2020

Қазақтың дара ақыны Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын дәріптеу жұмыстары жалғасуда. Павлодар қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай кешін» өткізді. Ауқымды шараға ақын жазушылар мен қатар, мектеп оқушылары және қала тұрғындары қатысты.

Шараны «Әлекей» ұлт аспаптар ансамблі Абай әндерімен бастады. Кітапхана табалдырығын аттай бере, Абай заманына тап болғандай күй кешесің. Ұлттық киім киген арулар, ақ жаулықты әжелер мен бал тілді балапандар кештің көркін аша түскендей.  Шараға шақырту алған қонақтар қатарында белгілі ақын, абайтанушы Ықылас Ожайұлы да бар. Ертіс-Баян өңіріне кештің шашбауын көтеріп, түндігін түре келген.

Ықылас Ожайұлы, ақын, Абайтанушы:

Қандай мынау келісті,  креативті идеялармен істеп жатырсыздар. Кішкентай көріністер қандай әдемі. Пушкин мен Татьянаның отырғаны. Мына жердегі Бала Абайдың отырғандығы. Сондықтан сіздердің мынау ықыласпен, шын пейілмен істеп жатқан көңілдеріңізді көріп, марқайып тұрған жайым бар.

Іле, сахна төріне Абай шығып, дүйім жұртты таң қалдырды. Абайтанушы, жыршы Даниял Әсеновтың бойынан дара ақынның ішкі жан дүниесін барынша аңғаруға болады. Бұл ашылу салтанаты. Енді кештің негізгі бөлігіне басымдық берсек. Абай әлемі жеті бекетке бөлініп топтастырылған. Алғашқы «Балалық шағы» бөлімінде мектеп оқушылары дана тұлғаның балалық шағынан сыр шертеді. Абай ауылынан аттай бере Абай мен Пушкиннің үндестігін көруге болады. Өнерге таласы бар жас актерлер қос тұлғаның бейнесін аша білген. Жиналған жұрт осы секілді «Абай ұлттық идеология», «Ән Абай», «Балалар бекеті» сынды бөлімдегі қойылымдарға қарқ болды. Кештегі ерекшелік те осында.

Роза Займолдақызы, қалалық №10-шы кітапхана қызметкері:

Бұл кештің ерекшелігі – Ғұлама Абайдың балалық шағынан басталып, шығармашылығы, аудармалары, өмір жолы барлығы да айқын, айшықталып көрсетіледі. Көрініс ретінде көрсетіледі. Кейіпкерлерге енеді. 7-8 бекет болады. Яғни, балалық шағынан бастап, барлық шығармалары насихатталады.

Абай шығармашылығын насихаттайтын кешке «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігі де ерекше үн қосуда. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы бірлестік әжелері Абай әндерін үш тілде орындау челленджін бастаған болатын.

Бақытжамал Максилова, «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

Абай атамыздың жүрегін біз жыр қыламыз. Сондықтан әрқашанда біздің апаларымыз, біздің еліміздің апалары тек қана жырлап, Абай атамыздың барлық өлеңін білуге, бірге балаларменен жаттауға бірге өлең айтуға дайынбыз. Ал, апалар, кеттік!

Жиналған көпшіліктің кітапхана төрінде ұйымдастырылған кештен рухани азық алғаны сөзсіз. Мұны өздері де жасырмады. Тіпті, Абай рухына өлең арнап жатқандары да болды.  Латын америкасының жазушысы «Кітапхананы жер бетіндегі жұмақ деп есептеймін»- деген. Сондықтан, мұндай ауқымды кештің кітаптар патшалығында өткізіліп отырғаны өте орынды кекніне ешкім таласпас.  

 

ЗҰЛҚАРНАЙ ЕРМҰРАТҰЛЫ

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар